Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әскерилерді шығарып үлгеріп, өзі қаза тапқан: Алматыда подполковник Хаировпен қоштасу рәсімі өтті

Алматыда қаланы қорғау кезінде шабуылдаушылардың қолынан қаза тапқан қарулы күштердің офицері Сәндібек Хаировпен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"35-гвардия десанттық-шабуыл бригадасы командирінің орынбасары подполковник Сәндібек Хаиров конституциялық құрылымды ерлікпен қорғап, қаза тапты. Ол әскери қызметшілерді қала әкімдігінің шабуыл жасалған ғимаратынан шығарып үлгерді, бірақ өзі қорғана алмады", –  деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Марқұммен қоштасу рәсіміне келген Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Оның ерлігі әрқашан батылдық пен офицерлік абыройдың, әскери борышты атқарудың үлгісі болатынын атап өтті.

"Қаза тапқан әскери қызметшілерді, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алу Республика алаңында орнатылатын мемориалда мәңгі сақталады. Бұл біздің елімізді террористерден қорғап, бейбітшілікті сақтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткендерді еске алу үшін ұрпақтарға арналады", – деді Б. Сағынтаев.

Қала әкімі Сәндібек Хаировтың отбасына материалдық көмек көрсетілгенін, сондай-ақ пәтер берілетінін хабарлады.

Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды.

Талқылау