Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы қоғамдық көліктерде тегін Wi-Fi іске қосылатын болды

Алматыдағы қоғамдық көліктерде жақын күндері тегін интернет пайда болады. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында Алматы қалалық мобильділік басқармасының басшысы Ерлан Әділов айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Шенеуніктің айтуынша, қазіргі уақытта байланыс операторлары мен тасымалдаушылар арасында келіссөздер жүргізілуде.

Пилоттық жобада билік "Алматыэлектротранс" компаниясының автобустары мен троллейбустарына тегін интернет енгізуді жоспарлап отыр.

"Жабдықты орнату кезең-кезеңмен басталды. Қазан айының соңынан қараша айының басына дейін троллейбустарда алғашқы 50 Wi-Fi нүктелерін пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта автобустарға да енгіземіз. Осыған байланысты жұмыс қызу жүріп жатыр. Менің ойымша, қоғамдық көліктерде интернет біртіндеп іске қосылады", - деді Әділов.

Сонымен қатар, ол өткен тамыз айында Алматыда қоғамдық көліктердегі маска режимін бақылау мақсатында пилоттық жоба іске қосылғанын айтты. Оның айтуынша, төрт автобуста 8 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Нәтижесінде камералар автобустарда 1 100-ден астам адам маска режимін бұзғанын анықтады. Бақылау жүйесі масканың болуын және оны жөнді киюді қадағалайды.

"Жолаушыны бетпердесіз анықтаған кезде ақпарат диспетчер постына келіп түседі, ол жедел түрде жүргізушіге "жүргізушінің көмекшісі "жүйесі арқылы хабарлайды. Жүргізуші өз кезегінде аялдамада жолаушыларға бетперде киюді ұсынады", - деді Әділов.

Ол бұл жобаның мақсаты заң бұзушыларды жазалау емес екенін атап өтті. Осылайша, билік азаматтарды бетперде киюге тәрбиелеуді көздейді.  

Талқылау