Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Kcell 5G желісімен әлемдік турнирлерге жол ашты

Алматыда MLBB ойынының үздіктері континенталды чемпионаттың екінші кезеңіне жиналып, жеңімпазды анықтады. Бұл – аталған ойын бойынша елімізде өткен алғашқы киберспорт турнирі. 5G желісіне қосылған онлайн режимде өткен ойынды әлемнің әр түкпірінен миллиондаған көрермен тамашалады. Stan.kz тілшісі Қазақстанда өткен тұңғыш әлемдік деңгейдегі киберспорт жарысына қатысып қайтты.

Әлемдегі 6 елдің үздік ойыншыларынан құралған 8 команда 30 000 доллар жүлде үшін ойын алаңында кездесті. Турнирге көбіне Ресей, Украина, Қазақстан, Германия, Норвегия және Өзбекстан ойыншылары қатысты. 

Kcell ұсынған 5G желісінің арқасында ойынды үздіксіз онлайн режимде өткізу мүмкіндігі пайда болды. MLBB сынды әр секунд маңызды ойында 5G желісі зор мүмкіндіктер береді. Бұл туралы турнир ұйымдастырушысы Анатолий Лобашев та айта кетті. 

"Алматыға алғаш келуім. Бұл турнирді ұйымдастырғанда аздаған көрермен жинап, аймақтық деңгейде өткіземіз деген ой болған. Алайда тамыз айында турнир туралы ақпарат шыққан кезден бастап, бізге көптеген жастар волонтер болуға өтініш берді. Шараға екі күн қатарынан 300-ден астам көрермен жиналады деп ойламадым. Шараның техникалық жасақталуы да жоғары деңгейде болды. 5G желісіне қосылу арқылы біз ойыншыларға жылдам шешім қабылдау мүмкіндігін беріп қана қоймай, турнирді әлемнің әр түкпіріндегі геймерлердің тамашалауына жол аштық", – дейді ұйымдастырушы.

Оның айтуынша, бұл – киберспорттағы айтулы жарыстардың бірі. Оған 16 жастан бастап, жасы 40-қа жақындаған ойыншылар да қатысқан. Бұл Шығыс Еуропа елдерінде болып отырған алғашқы турнир. Ұйымдастырушы Орталық Азия аумағымен салыстырғанда 5G желісі беретін мүмкіндіктер Қазақстандағы киберспортты жаңа деңгейге көтеретінін айтты.

Шығыс Еуропа аймағының финалына жету үшін ойыншылар онлайн команда жасақтайды. Әр топта 5 ойыншыдан болады.  Олар жыл бойы командасымен бірге онлайн чемпионатқа қатысып, үздік болған 8 топ оффлайн кездесуге келіп, көрерменнің көз алдында ойын ойнап, жеңімпаз таңдалады. 

Umbrella Squad командасының ойыншысы Шахид Мохаммад өз тобымен онлайн танысқан. Тіпті олардың алғашқы кездесулері осы жолы ойын алдында ғана болған.

"Турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әсіресе, интернет желісінің жақсы жұмыс істегені бізге тиімді болып отыр. Ойын кезінде мүлдем ақау болған жоқ. Қазақстанда 5G желісі қосылғандықтан, енді сіздердің елде турнир көп ұйымдастырылады деп ойлаймын. Біз де оған келе беруге дайынбыз", – дейді Ресейден келген киберспортшы.

Финалдық бәсекеге дейін жеткен Umbrella Squad командасы Deus Vult командасына есе жіберіп, екінші орын алды. Енді осы команда әлемдік турнирде бақ сынайды.

Әлемдік турнирлерді ұйымдастыру үздік киберспортшыларды Қазақстанмен таныстырып қана қоймай, елімізде киберспорт жанкүйерлерінің санын арттырады. Бұл өз кезегінде қазақстандық ойыншылардың ойынын тамашалау, оларды қолдаумен мотивация беруге алып келеді. Оған қоса, біздің елдің ірі халықаралық турнирлерді өткізуге әлеуеті жететіндігін көрсетеді.

MLBB "Мobile Legends: Bang Bang" ойыны қытайлық Moontoon компаниясына тиесілі және шайқас түріндегі онлайн ойын. 2016 жылы шыққан ойын бүкіл әлемде, әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азияда танымал. Ойын 10 минуттық матчтармен өтеді, онда әрқайсысы 5 адамнан тұратын 2 команда қарсыласады. Яғни 2 команда да бір мезетте желіге қосылатындықтан, ойын кезінде интернеттің жақсы жұмыс істегені маңызды.

Талқылау