Алматыдағы ҚазҰУ субұрқағында көз жұмған түлектің өлімінің себебі белгілі болды
Алматыда ҚазҰУ аумағындағы субұрқақта белгісіз жағдайда көз жұмған 17 жастағы түлектің өлімінің себебі белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Оңтүстік-шығыс өңірі бойынша өңіраралық сот сараптамасы орталығы директорының медициналық мәселелер жөніндегі орынбасары Миржан Байсадықов сараптама қорытындысын бөлісті.
"Өлім суға батқан кезде тыныс алу жолдарының сумен жабылуына байланысты механикалық асфиксиядан болған. Зерттеулер мұны растады", – деді сарапшы.
Сондай-ақ маман “жігітті мұның алдында ток соғуы мүмкін бе” деген сауалдың жауабын анықтау мүмкін емес екенін түсіндірді.
"Ток туралы айта алмаймыз. Жағдай қалай болды, жігіт неге құлады, бұл сұрақтарға жауап беру біздің құзыретімізге кірмейді. Біз тек өлімнің тікелей себебін береміз", – деп қорытындылады маман.
Еске салсақ, Алматыда Ұлттық университет аумағындағы субұрқақтың жанында мектепті енді бітірген түлек көз жұмған еді. Кейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек "тоқ соққан болуы да мүмкін" деген болжам жасады.