Алматыда жер сілкінісінен кейін афтершоктар қашанға дейін жалғасады – Сейсмологиялық орталық директоры жауап берді (видео)
Алматыда жер сілкінісіне байланысты төтенше жағдайлар департаментінің брифингі өтті. Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылау және зерттеу ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев афтершоктар қашанға дейін жалғасатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айтуынша, жер асты дүмпуінен кейін Қырғызстан, Қытай аумағында 100-ден аса афтершок тіркелді. Ал алматылықтар бес афтершокты сезді.
“Қашанға дейін бұл жалғасады деген сұраққа келсек, былтырғы Түркия мен Сириядағы жағдай бойынша бұл күнде болып тұрады. Бірақ бұдан кейін жер қатты сілкінбейді, оның дүмпуі бәсеңдеп жатыр. 100% сенімдімін. Қазір қауіп жоқ”, – деді Сәрсенбаев.
Спикер Алматы тұрғындары мен қонақтары жер сілкінісін сезгенде не істеу керек екенін біліп жүру үшін ережелермен таныс болуға шақырды.
Еске сала кетсек, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ.