Алматыда жедел жәрдемнің №8 қосалқы станциясы жөндеуден кейін қайта ашылды
Алматыда жедел жәрдемнің №8 қосалқы станциясы күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді. Бүгінде дәрігерлер мен фельдшерлер жаңарған ғимаратқа оралып, жұмысын жалғастырып жатыр.
Наурызбай, Әуезов және Алатау ауданының тұрғындары ауырғанда алғашқы көмек көрсетуге баратындар – жедел жәрдемнің №8 қосалқы станциясының қызметкерлері. Олар 15 жылдан бері Наурызбай ауданында орналасқан ғимаратта отырады. Мекеме меңгерушісі Қожахмет Нұрмановтың айтуынша, бұл ғимарат Кеңес одағы кезінде салынған және жөнделмегеніне біраз жыл болған. Дегенмен былтыр қыркүйекте уақытша жабылып, толық жөнделіп, биыл шілдеде аяқталды. Қазір №8 қосалқы станциясының қызметкерлері барлық қажет құралдар мен жабдықтар қамтылған, іші кең, жайлы әрі тап-таза бөлімшелеріне қайтып келді.
Ғимарат жылытылып, энергия үнемдейтін терезе мен есіктер орнатылған. Жылыту және желдету жүйелері жаңартылыпты. Оған қоса LED-жарықтандыру енгізіліп, төрт дабылы жүйесі күшейтілген. Сонымен қатар автобокс заманауи қақпамен, желдету жүйесімен, энергия үнемдейтін жарықпен және электр қуатына қосылу нүктелерімен жабдықталған.

“Қызметкерлердің жағдайы жасалғаны маңызды. Қазір жұмыс орнымыздағы төсектер, дивандар, жиһаздар, тоңазытқыштар, компьютерлер – бәрі жаңа. Жұмысқа қажет құралдар да бар. Бұл қызметкерлердің жұмыс орнын жайлы әрі қауіпсіз етіп қоймай, шұғыл медициналық көмектің сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді”, – дейді №8 қосалқы подстанциясының меңгерушісі.

Наурызбай ауданындағы жедел жәрдем қызметінің №8 қосалқы станциясында 200-ден астам адам қызмет етеді. 17 бригада бар. Солардың бірі – фельдшер Бинали Фарманов. Ол №8 қосалқы станциясында жеті жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол бір тәулік жұмыс істеп, үш тәулік демалады екен. Өзінің айтуына қарағанда, жедел жәрдем қызметкерлерінің жұмысы қарбалас. Мәселен, олардың бөлімшесіне тәулігіне 300-ден астам қоңырау түседі екен. Сондықтан жұмыс кезіндегі көп уақыты жедел жәрдем көлігінде өтеді екен. Дегенмен ол қосалқы станцияның ғимаратының жөнделгеніне өзі және әріптестері қуанып жатқанын айтады.
“Былтыр бізге жаңа көлік алып берген еді. Биыл ғимаратымыз жаңарып жатыр. Негізі бұрыннан жақсы: іші қыста жылы, жазда салқын. Дегенмен қазір іші әжептәуір жарық болып қалыпты. Оған қоса дәліз, дәрі-дәрмек сақтайтын қойма кеңейген. Көптеген жиһаздар жаңарған”, – дейді фельдшер.
Бинали Фарманов
Айта кетері, оған қоса биыл Алматыдағы тағы екі медицина ұйымының ғимараттары толық жөнделді. Мәсәлен, тәулігіне 100 науқасты қабылдайтын №18 қалалық емхананың "Таугүл" филиалы 19 жылдан кейін алғаш рет жаңғыртудан өтті. Емхананың ғимараты жылытылды, қасбеті жаңартылды, заманауи желдету мен қазандық орнатылды, терезе мен есіктер ауыстырылды, инженерлік желі мен жабындар жаңартылды. Аула абаттандырылды. Филиалда заманауи неміс және жапон талдағыштарымен жабдықталған зертхана жұмыс істейді, сондай-ақ екі УДЗ аппараты орнатылған.
Сонымен қатар Алмалы және Бостандық аудандарының 70 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсететін №3 қалалық емхана күрделі жөндеуден кейін ашылды. Ғимаратта инженерлік желі, кабинет, холл, санитарлық торап пен күту аймақтары жаңартылды, сондай-ақ саябақ абаттандырылған. Мекеме штатында 500 қызметкер істейді.
“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі
