"Жануар ойыншық емес": Алматыда жануарларды қорғауға арналған митинг өтті
Алматыда 14 мамыр күні зообелсенділер "Жануарларға жауапкершілікпен қарау" туралы заңның орындалмауына қарсы наразылық білдіріп, оларды қорғауды талап ететін митингке шықты. Бұл туралы Stan.kz тілшісі хабарлайды.
Сурет: Stan.kz
Рұқсат етілген митинг “Сарыарқа” кинотеатрының артындағы алаңда өтті. Мұнда шамамен 450-дей адам қатысты. Көпшілігі үй жануарларымен келген.
Бір жарым сағатқа созылған жиын “Каре Альянс зоо-қоғамдық белсенділері” ұйымдастыруымен өтті. Әрі “Менің төрт аяқты досым” жарысы негізінде “Балалар жануарлар тарапына жауыздықты көргісі келмейді” атты сурет-көрмесі болды. Балалар жануарларды қорғау тақырыбында суреттер салған.
Сурет: Stan.kz
Олар “Жануарларды қорлау қалыпты жағдайға айналған елде тұрғымыз келмейді”, “Дамыған елде қорғансыз жануарларды өлтірмейді, “Жануар ойыншық емес, ол да ауруды сезеді”, “Менің өлімім = 60 сағаттық қоғамдық жұмыс”, “Жануарды қорлағанға қарсымыз”,- деген плакаттарды ұстап шықты.
Митингіде жануарларға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді, соның ішінде:
- Жануарларды қатыгездікпен өлтіру, иттерді ату мәселесі;
- Үй жануарларына деген жауапсыздық;
- Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңның орындалмауы, белсенділерге кедергі келтіру;
- Полицияның жануарларға қатігездік көрсету істеріне реакция танытпауы;
- Жануарлардың адамдарға шабуылдағаны туралы мәселедегі жалған айыптаулар;
- Мектептерде жануарларға мейірімділікпен қарауды үйрететін сабақтар қосу;
- Иттерді заңсыз бизнес мақсатында ату, яғни жануарлардың етін кафе-дәмханаларда сату.
Сондай-ақ иесі жоқ жануарларға арнап мемлекеттік баспана ашуды және оларға залалсыздандыру жасау үшін қаржы бөлуді талап етті.
Сурет: Stan.kz
Kare жануарларды қорғау қорының жетекшісі Юлия Коваленконың айтуынша, шенеуніктер "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңды бұрмалауда.
"Президент иесіз жануарларға шара қолдану керек деді. Алайда ол заң аясында жұмыс істеу туралы айтқан. Жануарлардың мәселелерін шешуі тиіс заң аясында жүзеге асырылатын шаралар бар. Жануарларды әлі атып жүрген адамдар неге жазасыз қалады? Бұл туралы айту керек”, – деді Коваленко.
Оның пайымынша, мұның артында шенеуніктердің ақшаға деген тойымсыздығы жатыр.
"Оларға жануарлардың көп болғаны тиімді. Қаңғыбас жануарларды аулауға бөлінетін қаржы көлемі солардың санына байланысты. Жануар көп болған сайын бюджет те молаяды ғой. Біз жануарларды стерилизация арқылы олардың санын қысқартуды ұсынамыз", – деді жануарлардың құқығын қорғаушы.
Коваленко заңда жануар иелерінің жауаптылығы айтылғанымен, нақты жануарды қорғайтын пункттер жоқ екенін атап өтті.
Сурет: Stan.kz
Жануарларды қорғайтындар итті қыдыртуға, оларды алып жүруге көп жерлерде тыйым салынатынын, әрі оларға арналған алаңқайлардың жоқтығына шағымданды.
“Көшеде иттерді елдің алдында атып жатады. Итті балалардың көзінше ату адамдыққа жат. Оларды атқандар жазалануы тиіс. Сондай-ақ жануарларды қорлағандарға айыппұл салынып, бас бостандығынан айырсын. Ақтауда көшедегі мысықты аяусыз қорлап, үстіне секірген адамға тек 60 сағаттық қоғамдық жұмыстар түріндегі жаза тағайындалды”, – деді белсенді.
Зоо-қорғаушылардың айтуынша, халықтың жануарға деген қарым-қатынасына қарап, сол елдің сауаттылығын, болашағын аңғаруға болады.
“Ең қауіпті қаскөйлер мен қаніпезерлер маниякалды әрекеттерін жануарларға жасаудан бастаған. Олардың балалық шағын зерттей келе, кішкентайында жануарларды азаптап ойнағандарын білуге болады. Қазір “ит пен мысық өлтіргендердің бізге қатысы жоқ, бізге тиіспейді” деп ойлайтын шығарсыздар, бірақ жануарға қастандық қылған адамға да оп-оңай қастық қылады. Бүгін ит-мысықты өлтірсе, ертең адамды өлтіреді. Зұлымдық адамға немесе жануарға деп бөлінбейді, зұлым адам өзінен әлсіздің бәріне қас”, – деді саяси белсенді Камилла.
Оның айтуынша, қазіргі таңда блогерлер жануарларды ойыншық мақсатында сатып алады. Белсенді блогерлер балаларының мысықты қорлап, ұрып жатқанын бейнежазбаға түсіріп, содан контент жасайтындарына шүйлігіп, оларды жазаға тартуды сұрады.
“Белсенділер жануарлар үшін қайта-қайта қор ашып, емге, зарарсыздандыруға ақша салуын сұрап жатады. Неге өзіміз төлеп жүрген салықтың бөлігін жануарларға бөлуді талап етпеске?!”, – деді Камилла.
Сурет: Stan.kz
Митинг соңында қатысушылар “Ит – жеті қазынаның бірі”, “Заң жұмыс істеуі керек, жануарды қорлағандар түрмеде отыруы керек”, “Қазақстанда қатыгездікке жол жоқ”, “Жемқорлыққа жол жоқ”, “Жануарды атуды тоқтатыңдар!” деп ұрандатты.