Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда заңсыз салынған құрылыстың кесірінен лай көшкіні болды

Алматыдағы Керей-Жәнібек хандар көшесі бойында сазды лай көшкіні болып, асфальттың бір бөлігін басып, кәріз желілерін бітеді. Көшкінге заңсыз құрылыс кезінде тау бөктерінің бір бөлігін ойып, жыраны жауып тастау себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазір коммуналдық қызметтер сазды лайды сорып, мұндағы жұмыстарды ретке келтіріп жатыр. Ал ауа-райы жақсарған соң жол жабыны қайта төселеді. 

“Тексеру барысында сазды лайдың жылжыуы тау бөктері бір бөлігінің ойылуы "Мұзтау" шағын ауданында салынған құрылыстардың салдарынан болғаны анықталды. Таулы қырат елді мекеніндегі 2768 учаскеде құрылыс салу кезінде экожүйе бұзылғаны анықталды. Меншік иесі (жеке тұлға) тау бөктерінің бір бөлігін өз бетінше ойып алып, жыраны жауып тастаған. Соның салдарынан судың табиғи ағыны жабылып, қатты жауын-шашын кезінде жасанды топырақта жарықшақ пайда болған. Оның үстіне меншік иесі шаруа қожалығын жүргізу үшін нысаналы мақсаты бар жер учаскесінде рұқсат құжаттары жоқ құрылыс жұмыстарын бастаған”, – деді ведомство. 

Фото: Алматы әкімдігі

Әкімдік сонымен қатар қазір нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылғанын алға тартты.

“Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеруге бастамашы болып жатыр. Оның нәтижелері бойынша жер учаскесін бастапқы қалпына келтіру үшін жіберілген бұзушылықтарды жоюға нұсқама бере отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 316-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік шаралар қабылдайды”, – деп қосты әкімдік.



Әкімдік су басу қаупі бар аймақтардағы учаскелердің бақылауда екенін жеткізді. 

 

Талқылау