Алматыда ұсталған блогер Әділетхан Молдахан бұрын тонау ісі бойынша сотталған – Полиция

Алматыда қайта ұсталған белгілі блогер Әділетхан Молдаханның бұған дейін тонау дерегі бойынша сотталғаны белгілі болды. Ақпаратты қалалық полиция департаменті ресми түрде растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Әділетхан Молдахан 2023 жылдың наурыз айында жасалған қылмысқа қатысы бар деп танылған.
“Сот анықтағандай, 2023 жылдың наурыз айында ол алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге, рөлдерді бөлісіп, тұрғын үй сатып алу үшін ақша алып келген азаматқа шабуыл ұйымдастырған. Қылмыстық ниетін жүзеге асыру барысында күдіктілер жәбірленушінің көлігін аңдып, әдейі тоқтатқан. Одан кейін өзара келісіп әрекет етіп, күш қолданып, ірі көлемдегі ақшаны ашық түрде иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған", – деп пікір білдірді Алматы полиция департаменті.
Сот үкімімен Молдаханға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген. Сонымен бірге полиция күдіктінің бұған дейін ішкі істер органдарында қызмет еткенін растады. Алайда ол қызметтен тәртіптік теріс себептермен қызметтік абыройды түсіргені және "антқа адал болмау" фактісі үшін босатылған.
"Құқық қорғау органдары заң бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады және өз қатарын құқыққа қайшы әрекеттерге барған қызметкерлерден тазарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді", - делінген полицияның хабарламасында.
Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған мәліметтерге сәйкес, аталған қылмысқа блогердің танысы бағыттаушы ретінде қатысқан. Ол Тараз қаласынан келген пәтер сатып алушыны бірге ертіп жүргені айтылған. Күдіктілер жәбірленушінің көлігін аңдып, жолын әдейі бөгеп, медициналық маска тағып әрекет еткен. Осылайша, жәбірленуші соққыға жығылып, қолындағы ақшасы бар сөмкесінен айырылған. Сондай-ақ бастапқы тергеу құжаттарында ұрланған қаражат көлемі 55 миллион теңге деп көрсетілгені хабарланған. Алайда кейін жәбірленуші көрсетпесін өзгертіп, шығын көлемін 1,5 миллион теңге деп нақтылаған.
Еске салайық, 31 наурыз күні блогер қайтадан қамауға алынды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл жолғы ұсталуына оның әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратты деген күдік себеп болған. Ол жуырда болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты белсенді түрде пікір білдірген.