Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүрісі жылдам, ақылы ойы жоғары қызыл шаштылар": Ғалымдар адам эволюциясының әлі де жүріп жатқанын анықтады

адамдар эволюциясы әлі де жүруде
Фото: pexels.com

Ғалымдар адамның әлі де эволюцияланып жатқанын және бұл процесс әлдеқайда жылдам жүріп жатқанын анықтады. Cоңғы жылдары еуропалықтар арасында қызыл шашты аққұба адамдардың гені көбейген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Dailymail.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Зерттеулерге сәйкес, ДНҚ талдауы соңғы 10 мың жыл ішінде "қызыл шаш" генінің еуропалықтар арасында кең таралғанын көрсетеді. Бұл Эд Ширан, принц Гарри және Флоренс Уэлч сияқты адамдардағы қызыл шаштың алдағы уақытта жиірек кездесуі мүмкін екенін білдіреді.

“Мұндай адамдар тез жүреді, ақыл-ой деңгейі жоғары”

Мұндай адамдар арасында ашық тері, таздану қаупінің азаюы, жылдамырақ жүру және ақыл-ой деңгейінің жоғары болуы сияқты ерекшеліктер де жиі кездесіп келеді. Қосымша өзгерістер ретінде целиакияға бейімділік, ВИЧ-ке қарсы иммунитет, алапеске төзімділік, ревматоидты артрит қаупінің төмендеуі және ағзадағы майдың аз болуы байқалған.

Гарвард университеті зерттеушілері қызыл шаштың қазіргі заманда қандай артықшылық беретінін толық түсіндіре алмай отыр.

"Мүмкін, қызыл шаш 4000 жыл бұрын пайдалы болған шығар. Немесе ол әлдеқайда маңызды бір белгімен бірге келген болуы мүмкін", – дейді олар.

Бұл нәтижелер адам шамамен 300 000 жыл бұрын пайда болғаннан бері айтарлықтай өзгермеді деген дәстүрлі теорияларға қайшы келеді. Зерттеу барысында ғалымдар Батыс Еуразияда, қазіргі Еуропа мен Таяу Шығыс аумағында, соңғы 10 мың жылдан астам кезеңді қамтитын шамамен 16 мың адамның ежелгі ДНҚ-сын талдаған. Олар ДНҚ-ны зерттеу үшін 250-ден астам археологтар және антропологтармен бірлесіп жұмыс істеді.

Жалпы алғанда, ғалымдар генетикалық сұрыпталудың көп бөлігі ауыл шаруашылығы пайда болғаннан кейін жылдамдағанын анықтады. Бұл адамдардың аңшылық пен терімшіліктен егіншілікке көшуіне байланысты кейбір қасиеттердің пайдалы бола бастағанын көрсетеді.

Кейбір өзгерістер белгілі бір ауруларға төзімділіктің қалыптасуы түсінікті көрінеді. Дегенмен кейбір жайттары түсініксіздеу. Мысалы, адамдар бидай өсіре бастағаннан кейін глютенге төзбеушілікке бейімділіктің артуына әкелген негізгі генетикалық қауіп факторы анықталған.

"Жаңа әдістер мен көп мөлшердегі ежелгі ДНҚ деректерінің арқасында біз табиғи сұрыпталудың адам ағзасын қалай өзгертіп жатқанын енді жақсырақ көре аламыз. Бұрын біз тек болжам жасап, қазіргі геномдардан із іздейтінбіз. Ал қазір деректердің өзінен нақты жауап алуға мүмкіндік бар", – деді зерттеудің бірінші авторы Али Акбари.

“Ондай адам көбірек өмір сүріп, сол белгісін өз балаларына береді”

Генетикалық ерекшеліктер көбіне ата-ананың ДНҚ-сы көшірілген кезде пайда болатын кездейсоқ өзгерістерден (мутациялардан) туындайды. Олардың көбі әсер етпейді. Бірақ кейбір мутациялар адамға артықшылық берсе, ондай адам көбірек өмір сүріп, сол белгісін өз балаларына беруі ықтимал. Ұрпақтар ауысқан сайын ең пайдалы нұсқалар бүкіл түр ішінде басымдыққа ие болып, табиғи сұрыпталу арқылы эволюцияға ықпал етеді.

Авторлар өз жұмыстарын Nature журналында жариялап, зерттеуді Шығыс Азияда, Шығыс Африкада, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Америкада қайталауды жоспарлап отыр. Бұл генетикалық вариацияларды одан әрі анықтауға мүмкіндік береді.

Олар бұл зерттеулер аурулардың алдын алуға көмектесіп, гендік терапияға арналған жаңа препараттарды әзірлеуге жол ашады деп үміттенеді.

"Біз Шығыс Азияда, Шығыс Африкада немесе Мезоамерика мен орталық Анд аймақтарындағы жергілікті америкалықтар арасында ұқсас заңдылықтарды қаншалықты көре аламыз? Егер біз ежелгі ДНҚ-ны адам эволюциясының ең маңызды кезеңдерін, яғни 1-2 миллион жыл бұрынғы уақытты зерттеу үшін пайдалана алмасақ, онда оны басқа мақсатта қолдануға болады. Яғни біз кейінгі кезеңдерде адам геномына әсер еткен табиғи сұрыпталуды зерттеп, жалпы заңдылықтарды жақсырақ түсіне аламыз" – деп сұрады профессор Райх.

Нәтижелерге қарамастан, қызыл шаштылар әлі де салыстырмалы түрде сирек. Олар әлем халқының 2 пайызынан азын құрайды. Бұған дейінгі зерттеу қызыл шашты әйелдердің ауырсыну шегі басқа әйелдерге қарағанда генетикалық тұрғыда өзгеше екенін көрсеткен.

Anesthesiology журналындағы есепте ауырсыну шегі шаш генінің мутациясымен байланысты екені, бұл мутация сезімтал рецепторды ішінара "сөндіретіні" айтылған.

Stan.kz
Бейсенбі, 30 Сәуір, 2026 11:08