Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда танымал бизнесмен Алмас Әбдіғаппаровтың соты көшеде өтті

Алматыда танымал қазақстандық кәсіпкер Алмаз Әбдіғаппаровтың ісі бойынша сот отырысы басталды. Бір қызығы, бірінші сот процесі қалыпты жағдайда болған жоқ. Оны көшеде, қалалық сот ғимаратының жанында өткізді. Себебі адвокаттар мен айыпталушының жұбайы карантиндік шектеулерге байланысты ішке кірмеген. Нәтижесінде қорғаушылар бұл процеске жолдың жанындағы орындықта отырып қатысуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Бізге соттан орын берілмеді. Бірақ сот отырысына кешігуге құқығымыз жоқ болғандықтан, біз мәжбүр болдық. Өйткені кеңсеге жеткенше, шағымдарымыздың тағдыры бізсіз шешіліп кетер еді”, – дейді қорғаушы Анар Құсайынова.

Айта кетсек, Алмас Әбдіғаппаров 24 шілде күні қамауға алынған. Ол серіктестерімен бірге виллаларды сату кезінде 420 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінген. 

Алматыда қамауға алынған танымал кәсіпкердің жақындары сот қаулысымен келіспеді. Бизнесмен Алмас Әбдіғаппаровтың қорғаушылары оған тағылған айып еш негізсіз дейді.

Кәсіпкердің жары Ольга Әбдіғаппарова, қорғаушылары Анар Құсайынова, Сәлімжан Мусин соттың шешіміне наразы екендерін білдірді. Тіпті үй қамаққа ауыстыру жөнінде кепілдікке жылжымайтын мүлік қойғанның өзінде судья оны ескермеген. Алғашқы сот отырысы жабық жағдайда өтті. Бизнесменге "аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденді және ысырап етті” деген айып тағылып отыр. Кейбір қоғам белсенділері кәсіпкердің тұтқындалуын "кезекті рейдерлік жолмен басып алу" деп те атады.

Кәсіпкердің қорғаушысы Әбдіғаппаровты кепілмен босатуды сұрады. Жалпы алғанда, процесс бір жарым сағатқа созылды. Оның қорытындысында судья Батыров Әбдіғаппаровты тұтқында қалдыру туралы қаулыны өзгеріссіз қалдырғанын жеткізді бизнесменнің адвокаты Анар Құсайынова.

“Алмас Әбдіғаппаровты екі айға қамауға алу туралы соттың қаулысы заңға қайшы. Себебі сотқа түскен материалдар жеткіліксіз. Айғақ құжаттар мен ешбір дәлел жоқ. Біз сот отырысын заң аясында әрі әділ өтеді деген үміттеміз”, – дейді Анар Құсайынова.  

Бұдан соң Алмас Әбдіғаппаровтың әйелі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді.

“Қасым-Жомарт Кемелұлы күйеуім Алмас Әбдіғаппаровты қамаудан босатуды сұраймын. Мен әділеттілікті қалаймын. Күйеуімнің кінәлі емес екеніне сенімдімін. Оны адамдар елі үшін көп жұмыс жасаған және әрі қарай жасай алатын лайықты кәсіпкер ретінде біледі”, – дейді Ольга Әбдіғаппарова.


Алматыда танымал бизнесмен қамауға алынды

Талқылау