Алматыда такси жүргізушісі қызметі үшін шетел азаматынан 45 мың теңге алған
Алматыда әуежайдан қонақ үйге дейін такси ұстаған Германиялық азамат 45 мың теңгесінен қағылды. Ол такси жүргізушісіне қызметі үшін төлеген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Тengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Фото: tengrinews.kz
Дерекке сүйенсек, оқиға 18-ші сәуір күні болған. Әуежайдан Қонаев пен Гоголь көшесі қиылысындағы қонақ үйге дейін такси ұстаған шетел азаматы 45 мың теңгесінен қағылыпты. Тіпті бұл сома әуежайда келіскен бағадан 22 есеге көбейіп кеткен.
“Әуежайда мойындарына бейдж таққан бірнеше кісі такси қызметін ұсынды. Мекен жайыма дейін тіпті 2 мың теңге шығатынын айтты. Мен ойланбастан келісім беріп, отырдым. Бірақ қонақ үй алдына жеткенде жүргізуші телефонындағы таксометрді көрсетіп, 45 мың теңге болғанын түсіндірді. Әрі ақша төлемесем жүгімді бермейтінін айтып қорқытты”, - дейді шетел азаматы.
Александр Фельк такси жүргізушісінің айтқанына амалсыз келіскен. Кейін қонақ үйдегі қызметкерге осы жағдайды түсіндіргенде ол оған алдап кеткенін айтады. Ертеңінде неміс азаматы мәселені тыныш шешу үшін қайта әуежайға барған. Бірақ ондағылар күш көрсетіп, қуып шыққан. Бұған шыдамаған шетелдік туристік полицияға шағымданыпты. Жағдайды түсіндірген, ондағы қызметкерлер өздері хабарласатынын айтқан. Бірақ бір тәуліктен бері ешқандай нәтиже жоқ дейді ол.
“Қазақстанға алғаш келген сапарым осылай басталғаны өкінішті. Мемлекет жайлы кері пікір қалыптастыратын осындай алаяқтардың жолын кесу керек қой. Қаншама турист келеді. Олардың басым бөлігі тіл білмеуі салдарынан алаяқтарға жем болып, екінші келместей болып кетеді. Мен қайта орыс тілін білемін. Өзім жұмыс бабыммен бағыт бұрғанмын”, - дейді шетел азаматы.
Фото: tengrinews.kz
Кейіннен бұл жағдай бойынша транспорттық полиция департаментіне сұрау салынған. Онда бірден БАҚ назары түскен шетел азаматының мәселесін шешіп беріпті. Яғни әлгі таксист ұсталған. Ол 45 мың теңге ақшасын кері қайтарыпты. Сонымен қатар әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл салынған.
Полиция мәліметінше жыл басынан бері темір жол бекеттері мен әуежай аумағында 15 970 азамат әкімшілік жауапқа тартылыпты. Оның 243-і заңсыз такси жүргізушілері екен.