Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда сауда орталығындағы фудкортта мектеп оқушылары жаппай төбелес шығарған (видео)

Алматыда ойын сауық орталықтарының біріндегі фудкортта мектеп оқушылары жаппай төбелесті. 10, 11-сынып оқушылары есепке алынып, қылмыстық іс қозғалды. Енді олардың ата-аналары айыппұл төлесе, оқушыларға үш жылға сотталу қаупі бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: сюжет кадрларынан

20 ақпанда болған оқиғаның видеосы желіде тараған. Видеоның астындағы жазбада төбелес шығарғандар №178, 181, 209 орта мектеп оқушылары екені көрсетілген. 

Кадрлардан оқушылардың топпен бір-біріне аяусыз шабуылдағанын байқауға болады. Олар тек күшпен төбелесіп қана қоймай, бір-біріне орындық лақтырған. 

Оқиғадан кейін оқушылар бір-бірімен ешқайда арыз жазбау туралы келіскен. Алайда №181, 209 орта мектеп оқушылары полицияға жүгінген. Ата-аналардың айтуынша, оқушыларды сотсыз арнайы мекемеге жібермек болған. Алайда іске Алматының балалар омбудсмені араласып, прокурорлар қаулының күшін жойған. 

"Мен прокуратураға кәмелетке толмағандардың арнайы білім беру мекемесіне орналастырылуы бойынша құқықтық бағалауға қатысты сұрау жібердім. Бүгін прокуратура балаларды арнайы мектепке орналастыру туралы қаулының күшін жойды", – деді Диана Ерлан.



Жанжалдың барлық қатысушыcы бөлімшеге жеткізіліп, полиция қылмыстық іс қозғады. Олардың ата-аналары жауапқа тартылып, 40 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Ал жоғары сынып оқушыларына қатаң жаза үш жылға дейін сотталу жазасы қолданылуы мүмкін.

“Олардың әрқайсысының іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар бұл жасөспірімдердің ата-аналарына бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін шаралар қабылданды. Сонымен қатар жасөспірімдер оқитын мектептердің әкімшілігінде қылмыс жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша ұсыныс жіберілді. Балалар арнайы есепке алынды. Әр қатысушының іс-әрекеті кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралады”, – деді Алматы қаласының полиция департаменті.

Талқылау