Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Рамазан айында қандай іс-шаралар өтеді – Шаһардың бас имамы жауап берді

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматының бас имамы Төлеби Оспан қалада қасиетті Рамазан айын мерекелеу жоспары бекітілгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюроға сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: wikipedia.org

Бас имамның сөзінше, биыл шаһардағы 54 мешіттің 50-інде тарауық намазы кезінде Құран оқылады. Сонымен қатар ол Алматының орталық мешітінде күн сайын 500 адамға арналған үлкен ауызашар өтетін "Рамазан шатыры" салынатынын атап өтті.

Жергілікті ауызашарлар қаланың басқа мешіттерінде де ұйымдастырылады.

Белгілі болғандай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде бұл жылды "Ислам және дәстүрлердің құндылығы жылы" деп жариялады. Осыған орай қасиетті айда іс-шаралар қазақ дәстүрлеріне сәйкес өтеді.


"Ораза айы Наурыз мерекесімен сәйкес келетіндіктен, кешкі ас кезінде мешіт қонақтарына наурыз көже мен бауырсақ тағамдарынан дәм тату ұсынылады. Ауызашар өтетін орындар қазақ ою-өрнектерімен безендіріліп, Рамазан айының құрметіне "Жарапазан" орындалады", – деді Төлеби Оспан.

Еске салайық, биыл Рамазан айы 11 наурызда басталып, 9 сәуірде аяқталады. ҚМДБ мәліметіне сәйкес, 2024 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 640 теңге болып белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5745 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8536 теңге) бергені жақсырақ.

Талқылау