Алматыда концерт өткізген Николь Шерзингер сахнаға шығып, арбадағы жігіт үшін ән шырқады
16 мамырда Алматыда әлемге белгілі америкалық әнші әрі биші Николь Шерзингердің жеке концерті өтті. Желіде жұлдыздың арбада отырған алматылық жігітті сахнаға шақырып, кейін ән шырқаған сәті көпшілікті тәнті етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан алынған
Оқырмандар Николь Шерзингердің бұл әрекетіне көңілі толып, толассыз пікірлер жазды.
"Біздің әртістерге де мұны үйрену керек. Қандай керемет, әншінің өз аудиториясын жақсы көретіні білініп тұр", "Батыстың жұлдыздарының бәрі – қарапайым, еш бүкпесіз", "Міне, неткен қарапайымдық", "Бұл жігіттің жолы болды", "Алматылықтар, сіздерге қызығам", "Өзі қандай көрікті, әдемі, сымбатты және қарапайым. Әншінің жүрегі кең екен!" – деді желі қолданушылары.
Айта кетейік, Николь Шерзингер (шын аты Николь Валиенте) – әйгілі америкалық музыкант, актриса және теледидар тұлғасы. Николь Гавайиде дүниеге келген. Ол бастапқыда Popstars реалити-шоуының қатысушысы ретінде танымал болды.
Сонымен қатар әншіні Даун синдромы бар әпкесінің ауруы шабындырып, қайырымдылыққа көбірек үлес қоса бастады. Ол ЮНИСЕФ-пен серіктес болып, Филиппин сияқты елдерге барып, мұқтаж балаларға көмек берді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы қонақүйлердің біріне орналасқан өнер иесі Николь Шерзингер бөлменің терезесінен ерекше көрініске тамсанғаны туралы жазған едік. Әншінің желідегі парақшасына жүктеген видеосынан Алматының таулары мен күн шығып келе жатқан сәтті тамашалауға болады. Николь әсерлі көрініске куә болғанда таңданысын жасыра алмады.