Айналым 5,6 миллиард теңге: Алматыда кәмелетке толмаған жігіт криптовалютадан заңсыз пайда тапқаны үшін сотталды
Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тиісті рұқсат құжаттарынсыз цифрлық активтердің заңсыз айналымына қатысты істің тергеуін аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
2020 жылы қыркүйекте кәмелет жасқа толмаған жігіт Telegram мессенджері мен OLX платформасында айырбастау операцияларын жүргізетіні туралы хабарландырулар орналастырған.
"Binance" криптобиржасын тек ересектер қолдана алатындықтан, ол аккаунт жасау үшін ағасына верификациядан өтуін сұраған. 2021 жылы ол айналым сомаларын бөлшектеу және бұғаттау тәуекелін төмендету мақсатында туыстарының атынан қосымша тағы үш аккаунт тіркеген”, – делінген хабарламада.
2021-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 5,6 миллиард теңге цифрлық активтердің заңсыз айналымы жасалған. Көрсеткен қызметі үшін 0,5%-дан 2,5%-ға дейін сыйақы алған.
Күдікті заңсыз табысына Mitsubishi автокөлігін сатып алған.
Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 214-бабының 2-бөлігі 2-тармағы ”Аса ірі мөлшерде табыс табатын заңсыз кәсіпкерлік” бойынша кінәлі деп танылып, 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілген.
Сондай-ақ 5 172 USDТ цифрлық активтері мен Mitsubishi автокөлігі тәркіленді.
Заңсыз криптоалмастыру өз клиенттерін сәйкестендірмейді және күдікті операцияларды анықтамайды. Сондықтан олардың қызметтерін көбіне кибералаяқтар мен есірткі заттарын өткізушілер пайдаланады.
2024 жылы жалпы айналымы 60 миллиард теңге 36 заңсыз крипто айырбастау пункті жойылды. 4,8 миллион USDT (шамамен 2,5 миллиард теңге) активтер бұғатталып, тәркіленген. "Цифрлық активтер туралы" заңға сәйкес, елдегі цифрлық активтердің айналымына қатысты кез келген қызмет лицензияны қажет етеді.