Алматыдағы беделді мектептегі бала зорлау оқиғасы: Оқушының анасы сұмдық деректердің бетін ашты
Алматыдағы халықаралық мектепте 1-сынып оқушысы зорланғаны туралы ақпарат тараған еді. Жәбірленушінің анасы ұлының психологиялық жағдайы тіптен нашарлап кеткенін айтты. Баспасөз мәслихатын өткізіп, әділдік іздеген ана оқиғаның жай-жапсарын ашық айтып, қылмыстық тергеудің барысы туралы шағымын бідірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрі мен Бас прокурорға жүгініп, жауап ала алмадым
Баласының зорлық-зомбылыққа ұшырағанына 2 ай болған ана, осындай жағдайға тап болуы мүмкін балалар үшін алаңдайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол оқиғаның барысын баяндап берді.
"12 қыркүйек күні баламды мектептен алып қайтуға барғанда, ол мұғалімінің көзінше маған шалбарының алдыңғы жағының жыртылғанын көрсетті. Алайда мұғалім ол жыртықтың неден пайда болғанын сұрағанымда, жауап бермеді. Содан кейін Whats’app желісінен тағы сұрадым. Бірақ әдеттегідей жауап ала алмадым. Тек ұлымның дәретханаға сұранып, сабақта ұзақ уақыт болмағанын айтты. Кеште ол әдеттегідей ұйқыға кетті. Мен ертесіне оған басқа шалбар бердім. Келесі күні, яғни 13 қыркүйекте оның бір күн бұрын мектепте жыртып алған шалбарын тікпек болғанымда іш киімінен көлемі 15 сантиметрге жететіндей ақшыл түсті шәуетті көрдім. Оның үстінен қан мен нәжіс араласқан дақты байқадым. Сосын ұлымның денесін тексерген кезде анустың қызарғанын, оның айналасында жара бар екенін және ішкі жағының көгергенін көзім шалды", - деді әйел.
Ол артынша полицияға хабарласып, ұлына белгісіз біреудің зорлық-зомбылық жасағанын анықтаған.
"Әрі қарай мен дереу 102 телефонына хабарласып, тұрғылықты мекен жайым бойынша Алматы қаласы, Наурызбай ауданының полиция басқармасына өтініш бердім. Тергеу бөлімінің жәбірленуші деп тану туралы қаулысына сәйкес, 2023 жылы 11-13 қыркүйек аралығында белгісіз адам Алматы қаласының халықаралық мектебінде (Нұрсұлтан Назарбаев Білім қоры жанындағы Алматы қаласы Халықаралық мектебі) кәмелетке толмаған балама жыныстық зомбылық жасағанын анықтады", - деді әйел.
Сондай-ақ ол ішкі істер министрі Ержан Саденов пен бас прокурор Берік Асыловқа жүгініп, ресми сауалдарына жауап ала алмағанын атап өтті. Баланың анасы көзіне жас алып, учаскелік полицейлердің жұмысы нашар жүріп жатқанын және қылмыстық іс бойынша жүргізілген сараптама қорытындысымен таныс екенін айтты.
"Баламның денесіндегі жара мен қан, анальды жарықтар дәлел бола алады. Алайда бұл жаралар мен көгерулер құрт пен іш қатудан болатын зақым ретінде түсіндірілді. Баламның шалбарын құрт жыртқан екен. Кінәліні жалғыз мен іздеуім керек пе? Мен қарапайым қазақ әйелімін, ешқандай танысым жоқ. Мен әділ тергеуді қажет етемін. Баламды зорлаған адамды жалғыз өзім іздеуім керек пе? Неге мектеп пен полиция қылмыскердің бос жүргеніне мүлдем мән бермейді? Әділ тергеу үшін несие алып, халықаралық сарапшыларды жалдауым керек пе? – деді әйел көзіне жас алып.
Сонымен қатар ана 14 қыркүйекте күні бойы нәр татпаған баласымен бірге полиция басқармасында медициналық сараптама жүргізу туралы нәтижені күткенін жеткізді.
"Оны кешкі сағат 5-тен кейін берді. Негізінде сараптама сағат 16.00-ге дейін жұмыс істейді. Сол күні сағат 22.00-дер шамасында Наурызбай аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы бізді жеке емханаға апарды. Ол кезде тек балалар проктологы ғана болған. Ол қан жағындыларын алудан бас тартты. Мен сот сараптамасын жүргізуді талап еттім. Бізді сағат 22.30-да Сот сараптама институтына әкелді. Ол жерде олар маған басқа қарар ұсынды. Алайда онда жуындылар мен қан жағындыларына арналған сынақтар немесе педиатриялық проктологтың тексерулері жоқ еді. Мен ұсыныстан бас тартқаннан кейін олар мені қақпадан шығармай қойды. Ұлым сол күннен бері әлі күнге дейін полициядан қорқады.
15 қыркүйек күні сағат 10.00-де ұлым екеумізге институтта болу керек екенін айтты. Біз институт жабылғанша күттік, бірақ балалар проктологы келмеді. Нәтижесінде сараптама 2 күнге созылды, яғни тексеру жасалмады", - деді әйел.
Нәтижесінде бала жеке клиникаға тексерістен өтуге жіберіліп, дәрігерлер оған жедел анальды жарықшақ диагнозын қойған.
Психолог жауап алу кезінде "балаңыздың зорланғанын дәлелдей аласыз ба?" деді
Анасының айтуынша, тергеу жүргізген барлық сараптамалардан Қазақстанның заңнамасын өрескел бұзушылықтар анықталған.
"Жедел медициналық тексеруден кейін зорлық-зомбылық белгілері білінген жағдайда, дереу балалар проктологы тексерістен өткізуі қажет. Бұл тексеруді өткізу туралы өтінішті Сот медициналық экспертиза сарапшылары 16 қыркүйекте тергеушіге жолдаған. Екі қылмыстық процес және Наурызбай, Бостандық аудандарының беске жуық тергеушісі және Алматы полиция департаменті бұл деректі менен бір ай бойы жасырды. Бір ай өткен соң баламның денесіндегі жаралар жазыла бастағанда, олар бұл жараларды тексеруге бұйрық берді", - деді әйел.
Сондай-ақ сот-медициналық сарапшылардан жауап алу кезінде тергеуші әйел берген сараптама барысы туралы өрескел бұзушылықтар тіркелген бейнежазбаны елемеген. Себебі бұл жазба екі сот сарапшысының жалған айғақтарын растайтын еді дейді ол.
"Геномдық сараптамаға тапсырған ұлымның киімдері салынған пакетте менің жеке қолтаңбам бар болатын. Қазіргі таңда бұл пакеттердің саны екеу және екеуінде де менің қолтаңбам бар. Алайда екі қолтаңба да жалған.
Сараптама жүргізу туралы ұйғарымда тергеуші: "Зерттеу үшін берілген объектілерді ішінара жоюға рұқсат беремін" деп көрсетті. Жоюға рұқсат беру қайта сараптама жүргізу мүмкіндігін шектейді немесе толығымен жояды. Тергеушінің заттай дәлелдемелерді жоюға құқығы жоқ.
Ұлымды жауап алуға әкелуден бас тартып, тергеу барысын бәсеңдетіп жатыр" деген айыптауларға келетін болсақ: Мен ұлымды екі рет жауап алуға әкелдім. Бірінші жағдайда дәлізде психологты бір сағат күттік, ол келмеді. Екінші жағдайда полицияның өзі шақырған психолог жауап алуды: "Ал сіз зорлық болғанын дәлелдей аласыз ба? – деген сұрақтан бастады. Бұған айтар сөзім жоқ", - деді әбден күйінген ана.
Мектеп әкімшілігі өз аумағындағы қылмыскерді табуға көмектескісі келмейді
Жәбірленушінің анасына мектеп директоры бейнебақылау камераларынан баланың іш киіміндегі дақты алыстан байқау мүмкін еместігін жеткізген.
"Мектеп директоры баламның іш киімінде жануардың суреті болғандықтан, полициядан басқа ешкім оны анықтай алмайтынын жеткізді. Оның үстіне бейнекамерадан аңғару мүмкін емес деді. Ал мен барлық заттарымды полицияға сараптамаға тапсырдым! Нәтижесінде, тергеу қызметкерлерінің бірі іс материалдарын мектеп әкімшілігіне берген болып шықты. Алматы халықаралық мектебінің басшылығы алғашқы күннен бастап тергеуге көмектесіп жатыр деген ақпарат жалған", - деді әйел.
Оның айтуынша, бейнебақылау камерасындағы жазбалардың көшірмесі қылмыс жасалған соң 10 күннен кейін полицияға жіберілген. Ал түпнұсқа материал полицияға бір айдан кейін жеткен.
"Мектеп әкімшілігі тергеушілердің кінәлінің жеке басын анықтау үшін мектепте жұмыс істейтін барлық ер адамдардың фотосуреттерін жіберу туралы өтінішін елемеді. Шын мәнінде білім ордасы өз аумағындағы қылмыскерді табуға көмектесуге мүдделі емес. Егер қылмыскер табылатын болса, оқу ақысына 2,5 миллион теңге төлеп баласын оқытатын ата-ана қалмайды", - деді көзіне жас алған ана.
Әйелдің сөзінше, оқиғаның алғашқы күндерінен бастап директор ұлының құжаттарын мектептен алып кетуді бірнеше рет ұсынған.
"Соңғы екі аптада "Нұрсұлтан Назарбаев Білім қоры" ұйымының директоры Мурзабекова Светлана Викторовнаның қабылдауына бірнеше рет жазылуға тырыстым. Ол менімен екі ай бойы мүлде байланыспады. Кейіннен мектеп директоры Логинова қор өкілдерімен және заңгерлермен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге жалғыз келдім. Оның үстіне ұлымды қашықтан оқытуға сол кезде келістім. Себебі баламның психикалық жағдайы ауыр. Ал физикалық тұрғыдан мектепке бара алмайды. Директор бастаған төрт адам маған қысым көрсетіп, баламның құжаттарын алып кетуді талап етті. Балама онлайн білім беру тақырыбын талқылаудан да бас тартты", - деді әйел.
Әйел үкіметтен және барлық жауапты ведомстволардан Алматы халықаралық мектебі директорының әрекетсіздігі фактілері бойынша арнайы комиссия құрып, оның атқаратын қызметіне сәйкестігін анықтауды сұрайды.
"Мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауына жазылдым, себебі зорлық-зомбылық құрбаны болған балалардың ата-аналары әділдікке жете алмайтынын және "сұмдық жүйе" туралы айтқым келеді", - деді әйел сөз соңында.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы халықаралық мектепте 1-сынып оқушысы зорланды деген ақпарат тараған еді. Кейіннен Алматыда халықаралық мектепте жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін баланың анасы тергеу барысына наразылығын білдірді. Әйел апелляциялық шағым түсіріп, тергеу барысына, сарапшының қорытындысына және бала құқықтары жөніндегі уәкілдің жұмысына көңілі толмайтынын айтқан еді.