Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда "Гарант Ломбард" қаржы пирамидасына алданған азаматтар митингке шықты

Алматыда "Гарант Ломбард" қаржы пирамидасына ақша салып, алданып қалған азаматтар митингке шықты. Олар бар тапқанымызды салып жіберіп, бармақ тістеп қалдық деп отыр. Енді ел президентінің тергеу ісін қадағалауға алуын сұрайды. Ең азы 1 миллион теңгеден бастап 30-40 миллион ақшалай немесе жылжымайтын мүлкінен айырылған тұрғындар қарызға белшеден батқандықтан бас көтеріп отырмыз дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Кредит алып, салып жатырмыз, машина кетті, үй кеткен жағдайлар да болды", "Халықтың жағдайы жоқтығынан кіріп отыр, жағдайымыз бар болса неліктен оған кіріміз", - дейді жиналғандар.

Митингке жиналғандар үйімізді үлкейтіп, жағдайымызды жақсартпақ болып бар тапқанымызды "Гарант Ломбардтың" кеңсесіне өткізгендерін айтты. Бастапқыда салған ақшамыздың бір бөлігін алып отырдық деген олар уақыт өте ақшасын да, дүние-мүлкін де ала алмағандарын айтады. 

"Бір жағынан кінәлі сезінеміз. Өйткені, жағдайымыз жоқ, халықтың жағдайы осындай төмен", - деді салымшы Роза Ғабиден.

Жиналғандар пирамидаға сеніп қалғанымызға қаржылық сауатымыздың төмендігі себеп дейді. Әрі  жылтыраған жарнамасына сенгендерін айтады. 

"200-300-дей ғана адам, бірақ алданғандардың саны 2,5 млн адам. Бірақ қорқады ма, бәрі келмеді", - деді салымшы Айсұлу Әбдіқашева.

Митингке қатысушылар қаржы пирамидасына қатысты істің таза өткенін қалайды. Сондай-ақ, олар қарапайым халықтың осындай қаржылық пирамидаларға алданып қалмауын қалайды. Одан бөлек, ақшасын алып, арғысына бармайтын жұлдыздардың жарнамасына да үкімет шектеу қойсын деп отыр. 

Талқылау