Алматыда шетелдік ер адам SPA қызметкеріне қол көтерді: Полицейлер оны босатып жіберген
Әлеуметтік желіде "Не молчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Алматыдағы SPA-лардың бірінде ер адамның әйел қызметкерге қол көтергенін жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
Қоғам белсендісі Instagram желісінде Алматыдағы SPA-лардың бірінде ер адамның әйелге қол көтеріп, шашынан сүйреген видеоны жариялады. Сонымен қатар Дина Таңсәрі заң бұзған ер адамды Бостандық ауданы полицей департаменті мүлдем шара қолданбай, босатып жібергенін айтты.
"Не молчи.kz" сайтына үндеу келді: "Менің атым А. Бостандық ауданының полицейлері жәбір көрсеткен ер адамды босатып жіберген. Сізге хабарласып тұрмын. Кеше түнде біздің SPA-ға бейтаныс адам келіп, сыра сатуымызды өтінді. Мен оған алкогольді ішімдіктерді сатпайтынымызды айттым. Ол мені балағаттап, қол көтеріп, содан кейін қабылдау бөлмесіне барып, басымнан ұрып, шашымнан сүйреді", – деп Дина Таңсәрі жәбірленушінің арызын жеткізді.
Осы орайда қоғам белсендісі Алматы полиция департаментінен @almaty_police_department істің қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.
"Іс қай бап бойынша қозғалды? Бұл адам бұрын сотты болған ба? Оның мінез-құлқына қарағанда, оның бұған дейінгі әрекеттері де жауапсыз қалып, жазаланбай келген. Не себепті оны босатып жіберді? Қай бап негізінде іс басталды?" – деп жазды Дина Таңсәрі.
Алматы полициясы бұзақылықтың тергеліп жатқанын айтты.
"Әйелге дене жарақатын келтірген ер адам қамауға алынды. Ол – Тәжікстан азаматы. Алған жарақатының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды", – деп түсіндірді Алматы полиция департаменті.
Еске салайық, бұған дейін тұрғын үйдің кіреберісінде соққыға жығылған павлодарлық әйел агрессордың үстінен полицияға арыз жазудан бас тартқанын жаздық. Әлеуметтік желіде павлодарлықтың көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісі маңында әйелді ұрып-соғып жатқан видеосы пайда болды. Кадрлардан ер адамның орындыққа шалқасынан жатып, беті мен басын қолымен жауып алған әйелді балағаттап, ұрып-соғып жатқанын көруге болады.