Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі жігіт жай ғана қарап тұрған": Алматыда ер адам бұрынғы әйелін лифт жанында аяусыз соққыға жықты (видео)

Алматыда көпқабатты үйлердің бірінде ер адам лифтінің жанында әйелді аяусыз соққыға жықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

НеМолчи қоғамдық қоры желіде таратқан видеодан ер адамның әйелді соңынан қуып келіп, ұрып-соғып, тепкілегенін байқауға болады. Сол сәтте лифт күтіп тұрған екі жігіт жағдайды жай ғана бақылап, әйелге көмек қолын созбады.

НеМолчи қоғамдық қорының жетекшісі Дина Таңсәрі әйелді ұрып жатқанда араша түспеген екі жігіттің әрекетіне таңданысын білдірді.  



"Бір ер адам әйелді ұрады. Екеуі жай ғана қарап тұрады. Бұл жағдайға тағы қандай түсініктеме бере аламын? Бәрін өздеріңіз көріп отырсыздар. Негізі әйел бұл еркекпен ажырасқан, алайда ол оны ұстап алып, ұрып-соғады. Кадрлардан оны тоқтатқан бірде бір адамды көрмедік. Жай ғана ер адамның қолын ұстап, артқа қайырғандай сыңай танытқаннан басқа ештеңе істемеді. “Екі жігіт бұл іске қорыққанынан араласпады” деп ақтамаңыздар. Бұл – жай ғана олардың күнделікті көріп жүрген көрінісі. Бұл адамдар лифтте талай зорлық-зомбылыққа куә болған. Дені сау адам мұндай әрекетті көргенде көмекке асығады. Тек біздікілер емес", – деп жазды Дина Таңсәрі.

Аталған жағдай туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы қалалық полиция департаментінен сұрап білді. 

Полиция департаментінің хабарлауынша, аталған фактіге қатысты іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. 

“Ол міндетті түрде жауапқа тартылады. Бұл ретте әйелдің алған жарақатының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Іс материалдары шешім шығару үшін сотқа жіберіледі”, – делінген хабарламада. 

Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда ер адамның әйелін кілт жоғалтқаны үшін ұрып соққанын хабарлаған едік. Алайда тұрғын үйдің кіреберісінде соққыға жығылған павлодарлық әйел агрессордың үстінен полицияға арыз жазудан бас тартқан.

Талқылау