Алматыда екі автобус соқтығысып, 6 адам зардап шекті
Алматыда екі автобус соқтығысып, 6 адам жарақаттанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Жол апаты Алатау ауданындағы Бекболат және Новостройка көшелерінің қиылысында болған. Алдын ала ақпарат бойынша, №75 бағыттағы автобус ара қашықтықты сақтамай, аялдамада тоқтап тұрған №102 бағыттағы автобусқа соғылған. Тұрғындар бұл маңда көліктердің жоғары жылдамдықпен жүйткіп жүретінінен айтып шағымданды. Сондықтан жылдамдықты шектейтін белгілер орнатуды сұрап отыр.
"Анау тұр ғой пешеход, сол жерде кейде тоқтамай өтіп кетеді. Мен телефонға түсіріп алуға әрекет қылатынмын. Себебі мына жерде өткенде менің баламды соғып кеткен. Ол кезде мына жер тайғақ болған, үлгермеген. Мына жерде оқушылар тұр. Белгі қою керек”, – дейді қала тұрғыны Азиза.
Жол-көлік оқиғасының мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр. Зардап шеккен бес адам №7 қалалық клиникалық ауруханасына, ал бір адам Алматы облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген.
“Жол-көлік апатынан зардап шеккендер жан-жақты аспаптық зерттеулерден, дәрігерлердің қарап-тексерулерінен өтті. Төрт адам амбулаториялық жағдайда емделуге жіберілді, бір адам стационарға емдеуге жатқызылды. Пациенттің жағдайы ауыр, тұрақты”, – деді №7 қалалық клиникалық ауруханасы көпбейінді жарақат бөлімшесінің меңгерушісі Рамазан Аскеров.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты сот басталғаны туралы жазған едік.