Алматыда "Алтын орда" базары тұрағында төбелестің видеосы желіні шулатты
Алматыдағы "Алтын Орда" базарының көлік тұрағында болған төбелес желіні шулатты. Қазір полиция оқиғаға қатысы барларды іздеуде, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі.
Көлік жүргізушісі мен екіншісі автотұрақ қызметкері базар алдында төбелес шығарды. Әуелі сөзбен ерегісіп тұрған екеу кейін бір-бріне жұдырық ала жүгірген. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілердегі барлық пабликтерге таралды.
Видеоның сипаттамасында айтылғандай, оқиға бүгін наурыз күні таңертең болған.
Видео авторының айтуынша, "Алтын Орда" базарындағы көлік тұрағы қызметкері 100 теңге сұраған. Бірақ жүргізушіде тек 20 мың теңгелік бүтін ақша болғандықтан, ол мобильді қосымша арқылы аударым жасауды ұсынған. Алайда көлік тұрағы қызметкер бұл ұсыныстан бас тартып: "Бұл жерден табаныңды жалтырат", - деп бейәдеп сөз айтқан. Бұған шыдамаған көлік жүргізушісі тұрақ қызметкерін баспен ұрып "нокаутқа" жіберген.
Базарға баласының туған күніне азық-түлік алуға барған көлік жүргізушісі мұндай оқиғаның боларын ойламаған. Олар бірден полицияға арызданды.
Желі қолданушыларының бір бөлігі жүргізушіні қорғаса, ал басқалары автотұрақ қызметкерінің жағына шықты. Жол талғамайтын көлік жүргізушісінің өзі кейін төбелес ұлтаралық араздық негізінде болмағанын хабарлады.
Жергілікті полиция департаменті бұл факт әлеуметтік желілерді бақылау барысында анықталғанын айтты.
"Оқиға орнына Қарасай аудандық ПБ тергеу-жедел тобы шықты. Факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 293 - бабы "бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Кейінірек полиция видеодағы адамдардың жеке тұлғалары анықталғанын хабарлады. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысында екі тараптан да жауап алынады, оқиғаның барлық фактілері, себептері мен мән-жайлары анықталады. Тергеу нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.