Алматыда балаларымен бірге 9-қабаттан секіріп кеткен әйелдің атында төленбеген үш несиесі бар болып шықты
Алматыда үш баласы мен өзі тоғызыншы қабаттан секіріп өлген Бақтыгүл Қыдырбаеваның атында үш несиесі болғаны анықталды. Оның бірін келіншек қазан айында рәсімдеген екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бақтыгүл Қыдырбаеваның атына үш мәрте несие рәсімделіпті. Екі несиесі қатысты уақытылы төлей алмағандықтан, ісі сот орындаушыларының қарауында. Соңғы рет қазан айының соңында 15 мың теңге несие алыпты. Бірақ ол қаражатты да уақытында төлей алмаған. Нұрсұлтан Оразов келіншегінің несиелерінен хабардар, бірге алдық деп отыр. Жұмыс бірде бар, бірде жоқ, шамама қарай төлеп жүрмін деді. Марқұмның әпкесі, жәрдемақы алуға бірнеше мәрте құжат өткізіп, рәсімдей алмағанын айтқан болатын. Ал Нұрсұлтанның туыстары жас отбасының қаражаттан қысылғанынан хабарсызбыз дейді.
Марқұмның күйеуі әйелімен соңғы сөйлескенінде екеуара еш араздық болмағанын жеткізді. Келіншегінің атына рәсімделген үш бірдей несиеден де хабары бар екен. Бақтыгүл Қыдырбаева соңғы рет қазан айында ғана шағын несие ұйымынан 15 мың теңге несие рәсімдеген. Бірақ уақытында төлей алмаған.
Марқұмның туған әпкесі Жанар Қыдырбаеваның айтуынша, марқұм бұрын екі мәрте анафилактикалық шок алған екен.
“Көңіл күйі жақсы еді, бірнеше күн бұрын кенжесіне 20 мың теңгеге күртеше сатып алғанының суретін жіберген, үлкен қызының мақтау қағазын көрсетіп қуанған, не болғанын өзіміз де түсінбей жатырмыз. Бұған дейін сіңілім анафилактикалық шок алған. Әлдебір затқа аллергиясы болатын”, - деді марқұмның әпкесі Жанар Қыдырбаева.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы қаласы әлеуметтік әл-ауқат басқармасы терезеден секіріп кеткен әйелдің әлеуметтік көмек сұрамағанын мәлімдеген еді.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы шағын аудандарының бірінде әйелдің үш баласымен 9 қабаттан секіріп кеткені туралы хабарлаған едік. 28 жастағы әйел 2015, 2016 және 2019 жылғы балаларымен бірге көз жұмды. Сондай-ақ марқұмның күйеуі Нұрсұлтан Оразов отбасындағы жағдай туралы айтып берді.