Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 39 жастағы әйел өмірге үшем сәби әкеліп, бірден көпбалалы ана атанды

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда 39 жастағы әйел өмірге үшем сәби әкеліп, бірден алты баланың анасы атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жүктілік табиғи жолмен, қосалқы репродуктивті технология қолданылмай-ақ жүзеге асқан. Мұндай жағдай акушерлік тәжірибеде сирек кездеседі.

“Босану жүктіліктің 32 апта 2 күнінде шұғыл түрде кесар тілігі арқылы өтті. Түнгі сағат үш шамасында акушер-гинекологтар, анестезиологтар және неонатологтардан құралған көпсалалы медициналық команда жедел түрде жұмылдырылды. Салмағы 1840 грамм, бойы 42 см ұл бала; салмағы 1680 грамм, бойы 43 см тағы бір ұл бала; салмағы 1620 грамм, бойы 40 см қыз бала дүниеге келді. Ұл балаларға Заңғар мен Айбар, қыз балаға Әсел деген есім қойылды”, – делінген қалалық перинаталдық орталық хабарламасында.

Дәрігерлер босанудың асқынусыз өткенін алға тартты. Шала туған сәбилер өмірінің алғашқы минутынан бастап қарқынды бақылауға алынып, арнайы ем қабылдаған. Оларға аппарат арқылы тыныс алуға қолдау көрсетілген.



“Үшемге жеке күтім бекеті бөлініп, сәбилер тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында. Қазір балалар салмақ қосып келеді, жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Алдағы уақытта ауруханадан шығуға дайындалып жүр”, – делінген хабарламада.

Бұған дейін бұл отбасыда үш бала болған. Келіншек төртінші рет босанып бірден алты баланың анасы атанды.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 04 Ақпан, 2026 15:30