Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы тұрғыны вакцина салдырғаннан кейін көз жұмды: Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді

Әлеуметтік желілерде Алматы тұрғыны Бақытжан Нұртазиннің "вакцина алғаннан" көз жұмғаны туралы ақпарат тарауда. Жағдайға қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 42 жастағы Бақытжан Нұртазиннің өліміне вакцина себеп болған. 

Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ер адамның нақты неден көз жұмғанын анықтауға уәде берді.

"1979 жылы туған азамат Б.Нұртазин 12 сәуір күні емханаға коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алу үшін жүгінген. Процедура хаттамаға сәйкес өтті. Екпеден кейін Б.Нұртазин 30 минут бойы бақылауда болған, ешқандай шағым жасамаған.

21 күннен кейін вакцинаның екінші компонентін алған. Дәрігердің қарауы кезінде жағдайы қанағаттандырарлық болған, екпе процедурасынан кейін 30 минут бақылауда болып, Б.Нұртазин үйіне кеткен", - деді ведомствода.

Марқұмның жағдайы үйінде нашарлаған. Жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған. 

"Алдын ала болжамдарға сәйкес, жедел жүрек-қантамыр жетіспеушілігінен қайтыс болған. Қайтыс болу себептерін анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптама басталды. Нәтижелер қосымша хабарланатын болады, нақты диагноз гистологиялық зерттеуден кейін белгілі болады", - деп толықтырды дәрігерлер.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы марқұмның туыстарына көңіл айтады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы  №4 перзентхана қызметкері вакцинациядан кейін қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған. 

Талқылау