Алматыда оқушы қыздардың мәйіті табылғаннан кейін балалар жаппай өз-өзіне қол жұмсады деген қауесет тарады
Алматыда жаппай өзіне қол жұмсау туралы ақпаратқа қалалық полиция департаменті жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыда бір уақытта бірнеше бала өзіне қол жұмсады деген ақпарат тараған еді.
“Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұрын хабарланғандай, екі қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр”, – делінген хабарламада.
Полицияның мәліметінше, мегаполисте осындай бір ғана оқиға болған. Ұқсас қайғылы оқиға өткен аптада болған. Ол кезде 13 жасар қыз терезеден құлап кеткен.
Департамент жалған ақпарат таратқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Тәртіп сақшылары тек ресми деректерге сенуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда екі оқушы қыз белгісіз жағдайда тоғыз қабатты үйдің төбесінен құлап қаза тапқаны туралы жазған едік. Жергілікті тұрғындардың дерегінше оқиға Жамбыл көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында болған. Қыздар тоғыз қабатты үйдің төбесінен құлаған.
Кейіннен қайтыс болған қыздардың бірі эколог Евгений Мұхамеджановтың қызы екені анықталған еді.