Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Дайын котлетті жылытып береді": Алматы облысындағы мектептердің бірінде ата-аналар балаларға қатырылған тамақ бергеніне наразы

Алматы облысындағы мектептердің бірінің асханасынан қатырылған күріш пен компот, мерзімі өткен сүт табылған. Мұны көрген ата-ана "балаларымыз ережеге сай тамақтанбады" деп шу шығарды. Оның үстіне бастауыш сынып оқушыларына арналған сапасыз тегін астан ұл-қыздарымыз жыл бойы ауырды деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: кадрдан скриншот

Алматы облысы Кемертоған орта мектебіндегі оқушылардың ата-анасы балаларға бұған дейін қатырылып қойған тағам беріп жүргеніне ашулы. Себебі ыдыстарда қатырылып сақталған тағамдардың қанша уақыттан бері тұрғанын ешкім білмейді. Ал видеоны түсіріп таратқан белсендінің сөзінше, балалардың тәбеті тартпаса да дәл осы асты күнде ысытып береді. 

“СЭС нормативі бойынша бұл – бір күнде желінетін ас. Яғни балаға арналған, диеталық. Ал бұның қанша күн тұрғанын бір Құдай біледі. Сонымен қатар котлеттердің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Қап-қап сүт тұр. Дайын котлетті ертеңіне қайта ысытып бере береді. Мұндай жағдай бірінші рет болып тұрған жоқ”, – дейді белсенді Әсет Оңалбаев. 



Видео әлеуметтік желіге тарағаннан кейін ата-аналар бірден білім ордасының алдына келіп шу шығарды. Өйткені күзден бері балалары жиі ауырып сабақтан қалады екен. Ата-аналар бұған дейін талай мәрте мектеп асханасының жағдайын тексеру керегін айтқанымен, әлі ешкім қатаң бақылауға алмаған. 

“Қыркүйек, қазанда баламыз дұрыс тамақты жеді. Содан кейінгі айларда іші ауырды, құсты, сол себепті сабаққа бара алмай қалды. Міне, мұғалімге жазған хабарламаларым да бар. Бір емес, бірнеше рет өзім жаздым. Бұл туралы басқа ата-аналар да жазды”, – дейді ана Жұлдыз Байдуллаева. 

Ал білім ордасының асханасын жалға алып жұмыс істеп отырған қызметкерлер мерзімі өткен тамақты бермейміз деп ақталды. 

“Үнемі іші ауырса неге әр ата-ана келіп жолықпайды? Келіп айтпай ма “міне, менің баламның іші өтіп жатыр” деп. Келсін, айтсын. Бізде жуындыны алатын кісі 3 күн келе алмай қалды. Далада күн ыстық болды. Сол себепті кіргізіп қойдық”, – деп ақталды аспаз Науат Үсенбаева. 

Бұл мектепте 5000-нан астам оқушы білім алады екен. Соның 2800-і мемлекеттің тегін асымен қамтылған. Білім ордасының басшысы “әзірге ешқандай дәлел жоқ, құзырлы орган өкілдерінің тексерісінен кейін барлығы белгілі болады” дейді. 

“Құзырлы мекеме – прокуратура мен аудандық СЭС қызметіне хат жолданған болатын. Ол кісілер өздерінің тиісті жұмыстарын атқарып, қорытындысын шығарады. Ол жерде алдын ала дайындалып қойған тағамдар тұрған. Алдын ала дайындамасын деп қай жерде жазылған? Күріш те алдын ала жасалған”, – деп түсіндірді Кемертоған орта мектебінің директоры Дархан Сатылғанұлы. 

Мектеп асханасын жалға алушылар осында 7 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Алайда былтыр күзде осы жағдай болғаннан кейін ата-аналар ауданнан келген тексеріске сенбей отыр. Сондықтан облыс тарапынан, болмаса министрліктен арнайы комиссия келіп тексерсе дейді. 

Айта кетейік, кеше Павлодар облысының прокуратурасы Железин ауданының балабақшалары мен мектептерінде ауыр қылмыстары үшін сотталған адамдар жұмыс істегенін анықтады. 

Талқылау