Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жер сілкінгеннен кейін 19 нысанның қабырғасы жарылып кеткен

Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісінен кейін ақаулар болғанын мәлімдеді. Ведомствода республикалық жедел штабтың жұмысы жалғасуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, сенім телефонына азаматтардан 800-ден астам қоңырау түскен. Мамандар енді жер асты дүмпулері болмайтынын айтып, сендіруде.

“Алматы облысында 19 нысанның қабырғасы жарылып кеткен. Төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының сейсмикалық жағдайды бағалауына сәйкес, жақын күндері МСК-64К сейсмикалық шкаласы бойынша қарқындылығы 7 баллдан асатын жер сілкінісі күтілмейді”, – делінген хабарламада.

Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ.

Талқылау