Алматы облысында полициядан қашқан мас жүргізуші аялдамадағы жолаушыларды қағып кетті
Алматы облысының Іле ауданында көлік аялдамаға қатты жылдамдықпен келіп кіріп кеткен. Екі адам қаза болып, үш адам ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Оқиға 12 мамырға қараған түні болды.
"12 мамырға қараған түні "Бүркіт-35" бригадасының полицейлері Байсерке ауылында патрульдеу кезінде ЗИЛ-131 көлігіне күдіктенген. Жүргізуші полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы өтінішін елемей, қашып кетпек болған. Салдарынан жүк көлігін басқарған 49 жастағы ер адам Алматы-Жетіген тас жолының 32-ші шақырымындағы аялдамаға қатты жылдамдықпен кіріп кеткен. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, үшеуі түрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жатқызылды", – деді Алматы облысы жол полициясы басқармасының бастығы Бауыржан Әленов.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, құқық бұзушы көлікті орташа дәрежедегі мас күйінде басқарған.
"Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, көлік арнайы тұраққа орналастырылды. Жүргізушінің үстінен екі адамның өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деді Әленов.