Алматы облысында әйел баланың аузы мен қолын байлаған: Жәбірленушінің анасы арыз жазудан бас тартты
Желілерде Алматы облысындағы бүлдіршіннің аузы мен қолын матамен байлап, қысым көрсеткен әйелдің бейнежазбасы қолданушылардың наразылығын тудырды. Полиция департаменті оқиғаға түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, полиция қызметкерлері 23 жастағы әйелді анықтады. Кәмелетке толмаған қыздың ата-анасы әйелге қарызын қайтармағандықтан, ол ашумен осындай әрекетке барған.
Қыз баланың анасы ауылдасына қарсы арыз жазудан және сот-медициналық сараптама жүргізу үшін қызынан жауап алғызудан бас тартты.
“Бұл факт ҚК 389-бабы Өзiнше билiк ету бойынша Жамбыл ауданы ББ ЕҚДБ-да тіркелген. Іс бойынша процестік шешім қабылдау үшін барлық жағдайлар анықталады. Қажетті сараптамалық тексерулер тағайындалды”, – деді ПД баспасөз қызметі.
Бұған дейін желіде баланың аузын және қолдарын айқастырып матамен байлап, көшеде ертіп жүрген бейнежазба тарады. Бұл көрініске куә болған ер адам оларды сыртынан жасырып бейнежазбаға түсіріп алған.