Алматы облысында 49 жастағы ер адам кішкентай қызды зорлады деген күдікке ілінді
Алматы облысында кішкентай қызды зорлады деген күдікпен 49 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
1 қарашада Жамбыл ауданының полициясына Ақсеңгір ауылының 44 жастағы жергілікті тұрғыны арыз жазған. Оның айтуынша, қазан айында белгісіз ер адам қызын зорлаған.
"Бұл факт аудандық полицияда қылмыстық кодекстің 121-бабы, 4-бөлігі “Кәмелетке толмаған балаға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері” бойынша тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 49 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады. Соттың санкциясымен ол сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде екі ай мерзімге қамауға алынды", – деді Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қылмысты тергеуде толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету үшін сараптамалық тексерулер тағайындаумен барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
ҚК 121-бабының 4-бөлігінің санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 20 жыл мерзімге не өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
