Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы қаласы үшін қанша балдық жер сілкінісі жойқын болмақ – Мамандар желіде тараған ақпаратқа қатысты жауап берді

Алматы қаласы сейсмология институты мен төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері алдағы жойқын жер сілкінісі туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото:depositphotos.com

Тікелей эфирде мамандар алматылықтарды мазалаған сұрақтарға жауап берді. 

"Біздің ғылыми орталықта зерттеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жер қыртысына қатысты 200-ге жуық параметрді зерттеп, қорытынды жасаймыз. Болжам комиссиясының қорытындысына сәйкес, ағымдағы аптаның қысқа мерзімді болжамына сәйкес, 10 мен 17 қаңтар аралығында Алматы болжамды полигонында 5,5 баллдық жойқын жер сілкінісі күтілмейді. 2024 жылға арналған орта мерзімді болжам қаңтар айының соңында дайын болады. Мәліметтер базасы бойынша пікір береміз, біздің бөлімде он зертхана бар. 1998 жылдан бастап Алматы қаласының болжамдары бекітіліп келеді. Тұрғындардан үрейленбей, сақтық шараларын білуді сұраймыз", - деді ТЖМ сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков.

Сейсмологтардың сөзінше, блогерлердің жер сілкінісі болады деген болжамының ғылыми негізі жоқ.

"Өткен жылы біз де 2023 жылға арналған болжамдық комиссияның қорытындысын шығардық. Оған сәйкес магнитудасы 5,5 және одан жоғары болатын жойқын жер сілкінісі күтілмейді. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл болжам расталды. Қазір әлеуметтік желілерде Алматыда 15 қаңтарда жер сілкінісі болуы мүмкін деген ақпарат таралуда. Блогерлер мұндай болжамды қалай жасағаны белгісіз. Өйткені оларда қандай да бір болжам жасау үшін арнайы техника мен технология жоқ. Олардың мәлімдемелері негізсіз. Ақпараттық бюллетеньге назар аударудың қажеті жоқ. Дүрбелеңге негіз жоқ", - деді маман.



Маман Алматы қаласы үшін қандай магнитудалық жер сілкінісі жойқын болатынын айтты. Сөзінше, сейсмологтар әзірлеген халықаралық – MSK-64 шкаласының қаупі жоғары. 

"Осы шкала бойынша ғимараттар мен құрылыстардың қирауы 7 баллдан басталады. Сондықтан Алматы қаласы үшін жер асты жағдайын ескере отырып 7 баллдан жоғары жойқын жер сілкіністерін қауіпті деп санауға болады", - деді мамандар.

Мамандардың айтуынша, 7 баллға дейінгі жер сілкінісі қала үшін қауіпті емес.

"2-3 балдан бастап ғимараттар шамалы теңселеді. 4-5 балл кезінде қабырғалар жарылады және басқа да зақымданулар болады. Бұл қауіпті емес. 7 балдан бастап шара қолдану керек. Барлық ғимараттарымызды жер асты дүмпуі әсеріне қарай есептеп, дайындау керек", - деді Өзбеков.

Айта кетейік, бұған дейін желіде 15 қаңтар күні Алматыда жер сілкінісі болады деген ақпарат тараған еді. 

Талқылау