Әлемдегі ең ауқатты бес адам байлығын екі есе арттырса, бес миллиард адам кедейлене түскен – Зерттеу
Әлемдегі ең бай 5 адам 2020 жылдан бері байлығын екі есе көбейтсе, ең кедей тап өкілдерінің 60%-ның ақшасы бұрынғыдан бетер азайып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: ашық дереккөзден алынды
Wealth X зерттеу компаниясының дерегі бойынша, әлемдегі ең бай бес адам – Илон Маск, Бернар Арно, Джефф Безос, Ларри Эллинсон мен Марк Цукербергтің мүлкі 2020 жылдан бері 423,8 миллиард еуроға (464 миллиард доллар) немесе 114%-ға артқан.
Дәл осы кезеңде әлемдегі ең кедей 4,77 миллиард адам мүлкінің 0,2 пайызынан айырылды.
Бұл 2023 жылы миллиардерлер 2020 жылмен салыстырғанда 3 триллион еуроға байыды деген сөз, олардың мүлкі инфляция қарқынынан үш есе жылдам өскен. Ал 5 миллиард тұрғын бұрынғыдан бетер кедейлене түсті.
Зерттеу компаниясының пікірінше, бай мен кедей арасындағы алшақтық жыл өткен сайын арта береді. Ал алғашқы триллионер шамамен 10 жылдан соң пайда болуы мүмкін.
Сондай-ақ Oxfam әлемдегі кедейлік 230 жылдан кейін ғана түп-тамырымен жойылуы мүмкін деп болжады. Мұндай теңсіздікке билік басындағылардың жұмысшылар мен қоғамның баюын емес, өз пайдасын ғана ойлайтыны себеп екен.
Oxfam есебі бойынша, әлемдегі ең ірі он корпорацияның жетеуінің басшысы – миллиардер, ал әлемдегі қаржы активтерінің 43%-ы әлем халқының 1%-на ғана тиесілі. Сонымен қатар зерттеуде әлемдегі ең бай адамдардың барлығы еркектер екені айтылған.
Oxfam дерегінше, бүкіл әлемдегі ер адамдардың мүлкі әйелдерден 95,9 триллион еуро (105 триллион доллар) артық. Ұйым есебіне сәйкес денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыру саласында жұмыс істейтін әйелге Fortune 100 тізіміндегі ірі компания бас директорының бір жылдағы жалақысын табу үшін 1 200 жыл жұмыс істеу қажет.