Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлемді тағы бір пандемия күтіп тұр ма: Мамандар жаңадан тараған метапневмовирустың қаупі туралы айтты

Жаңа жыл алдында Қытайдан тарай бастаған жаңа вирус бүкіл әлемді алаңдатты. Метапневмовирустың (HMPV) қаупі мен вирустың қашан тарағаны туралы мамандар айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sibreal.org басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Мамандар метапневмовирус ондаған жылдар бұрын пайда болғанын айтады.  

Молекулалық биолог Ольга Матвеева метапневмовирусы (HMPV) алғаш рет 2001 жылы Нидерландта пайда болғанын және бұл вирус адамдар арасында әлдеқайда ертерек таралғанын айтады.

Тайваньның Money басылымы метапневмовирустан болатын өлім-жітім деңгейі 43% құрайтынын жазады. HMPV тыныс алу жолдарын зақымдайды және бес жасқа дейінгі балалар, егде жастағылар, сондай-ақ өкпенің созылмалы ауруларына шалдыққан немесе иммунитеті әлсіз адамдар үшін қауіпті. Алайда, дені сау адамдардың көпшілігінде бұл вирус тек жеңіл суық тию белгілері сияқты өтіп кетеді.  

"Бұл — адамзатқа таныс вирус. Ол қатерлі вирустар қатарына жатпайды. Сондықтан әлі күнге дейін оған қарсы вакцина жасалмаған”, – дейді Матвеева.

Маман алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Алайда ол Қытай билігінің ақпаратты толық жария етпеуі сенімсіздікті арттырғанын айтты.

"Жаңа вирус пайда болған кезде адамдардың қорқатыны рас. Әзірге вирустың қауіптілігі туралы ақпарат жоқ. Егер ол шын мәнінде қауіп төндірсе, оған қарсы вакцина немесе дәрі-дәрмек әлдеқашан дайындалар еді. COVID-19 тәжірибесінен кейін көптеген адамдар Қытай билігі деректерді жасырып отыр деп ойлайды. Бұл сенімсіздік тудыратыны рас. Бірақ вирустың мутациаланғаны дәлелденген жоқ”, – дейді ол.


Метапневмовирустың өршуі: Қазақстанда карантин шектеулері қайта енгізіле ме


Сарапшылар үлкен алаңдауға негіз жоқ екенін айтады.

"Қауіптің бар екені түсінікті, бірақ дүрбелең еш пайда әкелмейді. Ғылым мен сенімді ақпаратқа жүгінейік", — деп қорытындылады Матвеева.  

Вирусолог Михаил Фаворов HMPV-ға назардың артуын диагностиканың жақсаруымен байланыстырады.

"Бұрын бұл вирусты анықтайтын арнайы тесттер болмаған. Бірақ COVID-19 пандемиясынан кейін диагностика әдістері жетілдірілді. 2024 жылы HMPV-ны анықтайтын тесттер енгізілгеннен кейін оң нәтижелер көбейді. Бұл жағдайдың нашарлағандай әсер қалдыруы мүмкін, бірақ шын мәнінде ахуал сол қалпында”, – дейді ол.

Фаворов HMPV респираторлық-синцитиальды вируспен бір топқа жатса да, оның патогендігі әлдеқайда төмен екенін және COVID-19 сияқты пандемия тудыруы екіталай екенін баса айтты.  

"Бұл жағдайда вирус жаңа емес. Ол адамдарға қашан жұқты, кімнен, қалай екенін білмейміз. Өйткені барлық вирустар бір кездері жануарлардан тараған. Ол 2001 жылы, 25 жыл бұрын ашылған, 25 жылдан бері айналымда. Кез келген адам жұқтыруы мүмкін”, – дейді ол.

Еске салсақ, Еуропада метапневмовирусты жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді.

Талқылау