Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алдағы үш айда сұйытылған газ бағасы қымбаттайды: Энергетика министрі

Сәрсенбі күні үкіметтің кеңейтілген жиынынан кейін журналистердің сауалына жауап берген энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сұйытылған газ бағасының қымбаттайтынын айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, Қазақстан сұйылтылған газды қымбаттатуға мәжбүр және алдағы үш ай ішінде газдың литрі 5-10 теңгеге қымбаттайды.

"Қазір газдың бағасы әр аймақта әртүрлі. Бастапқыда аса қатты қымбаттамайды деп ойлаймын – 5-10 теңге, одан артық емес. Бірақ кейін өзіндік құнын ақтайтындай бағаға шығамыз, – деді Сәтқалиев.

Оның айтуынша, үкімет бәсекелестікті қорғау агенттігімен және депутаттармен бірлесе отырып, бірнеше жыл ішінде сұйылтылған газ бағасын кезең-кезеңмен нарық бағасына "сәйкестендіреді".



"Бәрі бағаға келіп тіреледі. Өзіндік құны литріне 70 теңге болса, қазір 50 теңгеден сатылып жатыр. Компаниялар шығынмен жұмыс істеп отыр. Салыстырып айтсақ, Ресейдегі газ бағасы 2 есе жоғары – 120 теңге. Тәжікстанда 177 теңге. Оларда баға шынымен нарық заңы бойынша қалыптасқан. Әлемдегі тәжірибеге қарасақ, газды артығымен өндіретін елдерде сұйылтылған газды көлік жанармайы ретінде пайдалануды ынталандыру үшін бензин бағасының 70 пайызы мөлшерінде баға белгілейді. Мұндайды ақылға қонымды экономикалық тетік деп қарауға болады", – дейді министр.

Еске салайық, бұған дейін елде АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин мен дизель қымбаттаған еді. 19 сәуірде үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жанармай бағасы туралы айтып, амалсыздан тарифті көтеруге тура келгенін меңзеген. Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына түрткі болған наразылық сұйылтылған газдың қымбаттауынан туындағанын да айта кетейік.

Талқылау