Алаяқтық айыбымен түрмеде отырған Қызылорда облысының экс-әкімі бостандыққа шықты
Алаяқтық айыбымен түрмеде отырған Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов бостандыққа шықты. 7 шілдеде сот Қуанышбек Ысқақовтың жазасының өтелмеген бөлігін анағұрлым жеңіл жазаға ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сот шешімімен бұрынғы әкімнің өтелмеген жазасының қосымша жаза түрін өтеуден босатылмай, 3 жыл 11 ай 12 тәулікке бас бостандығын шектеумен ауыстырылғаны белгілі болды. Сот экс-шенеунікті мерзімінен бұрын босатудың себебін былай түсіндірген.
"Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен үкім жаза тағайындау бөлігінде өзгертіліп, бас бостандығынан айыру мерзімі алты жылға дейін қысқартылды. Ысқақов соттан жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен, яғни айыппұл немесе бас бостандығын шектеу сияқты түрмен ауыстыруды сұрады", – дейді Қызылорда қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.
- Арыс қаласындағы жарылыстан соң қайырымдылық қорынан 80 миллион теңге жымқырған: Экс-әкім түрмеден босатылады
- "Әкеме негізсіз айып тағылды": Cотталған Қызылорда облысының экс-әкімінің қызы сот шешімімен келіспейді
Бұған дейін Ысқақов жазасын өтеген ЗК-169/5 колониясының өкілі сотталушыға берілген мінездемені қолдап, экс-әкімнің жазасын өтеу кезінде "белгіленген ішкі тәртіп пен режимді бұзбағанын" атап өткен.
"Қылмыспен келтірілген мүліктік залал, мемлекеттік баж, процессуалдық шығындар мемлекет кірісіне және жәбірленушілерге өтемақы қорына толығымен өтеледі", – деген Қызылорда қаласының №2 соты.
Еске салайық, 2020 жылдың желтоқсанында сот Ысқақовты алаяқтық жасады деп танып, оны өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырумен 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.
Экс-әкім 2020 жылдың наурыз айының соңында қамауға алынған.

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
