Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Арыс қаласындағы жарылыстан соң қайырымдылық қорынан 80 миллион теңге жымқырған: Экс-әкім түрмеден босатылады

Арыс қаласындағы жарылыстан кейін қайырымдылық қорына жиналған 80 миллион теңгені жымқырғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылған Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов түрмеден мерзімінен бұрын босатылатын болды. Яғни сот колонияда екі жылдан аса уақыт отырған экс-шенеуніктің жазасын жеңілдетіп, қалған мерзімді бас бостандығын шектеу түріне ауыстырды. Жалпы, елімізде лауазымды тұлғалардың бюджет қаражатын жымқырып, одан қалды парақорлықпен ұсталып ұзақ жылға сотталуы, артынша көп ұзамай бостандыққа шығуы тұрақты түрде қайталанып отырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп.

Арыста болған жарылыстан кейін қаланы қалыпқа келтіруге жиналған қайырымдылық қорынан бақандай 80 миллион теңгені қолды қылғаны үшін "алаяқтық" бабымен сол кездегі Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов сотталған еді. Бұрынғы аймақ басшысын 2020 жылғы желтоқсан айында сот 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Кейін ол жаза 6 жылға қысқарды. Ал енді жақында шыққан соттың қаулысына сәйкес, Ысқақов түрмеде отырмайтын болыпты. Оның жазасы бас бостандығынан шектеу түріне жеңілдетілді. Яғни экс-шенеунік қалған 3 жыл 11 ай 12 күн мерзімін үйінде жүріп өтейді.

“Ол кісі 3-тен бір бөлігін өтегеніне сәйкес заңды негізде өтініш берген. Яғни ол өтініші бойынша айыппұл төлеу немесе бас бостандығынан шектеу жазасына жеңілдетуге өтініш берген. Сол негізде қаралды. Соған сәйкес жазасын өтеп жатқан мекемеден мінездеме алынды. Ол жазасын өтеп жатқанда тәртіп бұзушылық орын алмаған”, – дейді Қызылорда қаласы №2 сотының судьясы Ермек Құтыбаев.



Судьяның айтуынша, жазаны жеңілдету үшін бұрынғы әкімнің түрмедегі тәртібі, бұған дейін алған марапаттары, тіпті оның Ауған соғысының ардагері болғаны да ескерілген.

Жалпы елімізде Қуанышбек Ысқақовқа тағдыры ұқсас темір тордағы жазасын толық өтемеген лауазымды тұлғалар өте көп. Солардың бірі ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишімбаев "бөтеннің мүлкін талан-таражға салды", "пара алды" деген айыппен 10 жылға сотталған.

Бірақ небәрі 1 жыл 7 айдан кейін кешірім сұрап, бостандыққа шықты. Осы секілді бұрынғы үкімет басшысы Серік Ахметов те мемлекетке 2,5 миллиард теңге залал келтірді деп 8 жылға түрмеге қамалғанымен, бір жылдан соң үйіне оралды.

Ал "Қазақстан инжиниринг" басқармасы төрағасының орынбасары болған Қанат Сұлтанбеков 1 миллиард теңге пара алды деп 10 жылға сотталған болатын. Бірақ Сұлтанбековтың де темір тордағы жазасы ұзаққа созылмады. Ол онда небәрі екі ай отырып, 2 миллиард теңге айыппұл төлеп босап шықты. Айта берсе тізім көп. Ал заңгер Джохар Өтебеков жемқорлықпен айналысқан немесе лауазымын асыра пайдаланған шенеуніктерді мерзімінен бұрын босатуға арналған сот отырыстары барынша ашық түрде болуы керек дейді.

“Бізде қоғамда жемқорлықпен айналысқан шенеуніктердің мерзімінен бұрын босап шығуына байланысты күдік бар. Ол аз уақыт түрмеде отырғанда "расымен түзеліп шықты ма?" деген секілді сұрақтар көп. Сондықтан жазасын жеңілдетуді сұраған бұрынғы лауазым иелерінің сот процестеріне журналистерді қатыстыру керек. Яғни ашық болу керек”, – дейді заңгер Джохар Өтебеков.

Айта кетсек, 2020 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарды мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға тыйым салынған болатын.

Сондықтан, Джохар Утебеков бұл заң күшіне енгеннен кейін істі болғандардың мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы екіталай дейді. Сондай-ақ заңгер елдегі тамыр жайған жемқорлық ұсталған шенеуніктерді қатаң жазалаумен ғана жойылмайды дейді.

Айтуынша, бұл қылмыспен күрестің ең бірінші қадамы – әрбір шенеунік өзі мініп жүрген өте қымбат көлігі мен зәулім сарайын қалай қол жеткізгеніне есеп беру керек. Сонда ғана жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың шеті көрінеді.

Талқылау