Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Егіз балалардың мүгедек әкесіне қамқорлық танытып жүргені түсірілген: Алаяқ видеоны пайдаланып, елден ақша жинаған

Әлеуметтік желіде мүмкіндігі шектеулі әкесіне қамқор болған егіз бүлдіршіндердің видеосы қызу талқыға түскен еді. Видеодағы Нұрмұхаммед Әбілқасымов Қызылорда облысы, Шіркейлі ауылының тұрғыны. Арбаға бала кезінде таңылған. Өмірдің ауыр сынағына қарамастан, өз жолы мен теңін тауып күн кешуде. Бүгінде егіз ұл мен қызды тәрбиелеп отыр. Өкінішке қарай, ерекше жағдайда болғанына қарамастан, осы уақытқа дейін адал өмір сүріп келген Нұрмұхаммедтің жағдайын Ақбөпе Балғымбекова есімді азаматша пайдаланып, елден ақша жинаған. Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың отбасы ешкімнің көмегіне мұқтаж еместігін айтып, халықты алданып қалмауға шақырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алаяқ әйел туралы журналист Гүлмира Әбіқай жариялады. 

"Ардан безген Ақбөпе деуге тура келді. Кешеден бері әлеуметтік желіде тараған мына видео еріксіз көзге жас үйіреді.

Отағасы Нұрмұхаммед Әбілқасымов – бала кезден арбаға таңылған мүгедек жан. Қызылорда облысы Шіркейлі ауылының тұрғыны. Жастайынан ақынжанды өмірге деген құлшынысы зор азамат. Бірнеше жыр жинақ авторы, "Шабыт" фестивалінің лауреаты. Сүйгеніне үйленді, жары, егіз ұл-қызы бар. Өзін кез келген уақытта қолдайтын ағайын-бауыр, туыс-туғаны тағы бар. Жаймашуақ өмір кешіп жатқан отбасының тыныштығын Ақбөпе бұзды.

Нұрмұхаммед жақында тағы бір жыр кітабын жарыққа шығарған болатын. 

Айта кетейік, қол-аяғы селкілдеп ырық бермейтіндіктен, ақын өз өлеңін қаламды аузымен тістеп жазады. Жаңа жинаққа отбасылық клип болсын деп мына видеоны қарындасы Жұлдыз түсірген. Видеосын монтаждап, әнмен әрлеп өз парақшасына салады. 2 күннен соң видеоның бетіне Ақбөпе деген әйелге тиесілі Каспий Gold картасы, телефоны жазылып желіні шарлап кетеді.



Мұны білген Нұрмұхаммед әлбетте аяқ-қолы тартылып, селкілдеп, ашуланады. Өмірі ешкімге ешқашан алақан жаймаған жігіттің видеосын пайдаланып әлдекім ақша жасап жүр", – дейді Гүлмира Әбіқай.

Видео авторы Жұлдыз елден ақша жинаған әйелмен тек бір рет тілдесе алған. Сотқа беретінін айтып қорқытқанда, әйел 19 мың теңге салып жіберген. 

"Нұрмұхамед ақшаны лезде кері қайтарған. Ақбөпеге мен де қанша телефон соққанымен көтермеді. Зерттеп білгенім, бұл әйел жүрген жерінде "Мен өз қаржыма мешіт салып жатырмын" деп паш етеді екен", –  дейді журналист. Ол Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың отбасы көмекке мұқтаж еместігін айтты.
 

Талқылау