Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызыма дәрі алуға шыққанда бүйрегімнен атты": Қаңтардағы оқиғалар кезінде заңсыз ұсталған алматылық бір апта бойы қалай азапталғанын айтты

Соңғы кездері қаңтардағы тәртіпсіздіктерге байланысты ұсталғандарды заңсыз азаптау оқиғалары көбейіп кетті. Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі Саят Әділбекұлы тергеу изоляторында жеті күн бойы азаптауларға ұшыраған. 5 қаңтарда қызына дәрі алу үшін шыққан ол оққа ұшқанын айтады. Кейін арнай күш азаматты жазылмастан жатып аурухадан абақтыға алып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“5 қаңтар күні сағат 16:00 шамасында Назарбаев көшесімен қызыма дәрі іздеп, Орталық дәріханаға қарай бара жатқанмын. Қолымда дәрі рецепті болған. Осы сәтте арт жақтан оң жақ белімнен оқ атқан. Қатты ауырлық пен басымның айналғанын сездім. Белгілі болғандай оқ қабырғамды тесіп өткен. Қабырғам арқылы ішкі органдарыма зақым келген. Яғни, оң бүйрегімді жарып өткен. Әлі күнге дейін маған кімнің оқ атқанын білмеймін. Осыдан соң мен сүйретіліп жүріп, аялдамаға жеттім. Сол жердегі бір әйел такси шақырып берді. Сөйтіп үйге жеттім. Менің халімді көрген анам мен інім алғашқы медициналық көмек көрсетті. Әйелім жедел-жәрдем шақырып, ауруханаға жеттік. Дәрігерлер бүйрегімді аман алып қалу үшін дереу ота жасады. Жарақатым ауыр болды. Қалпыма келуіме 30 күндей қажет болатын. 8 ақпан күні ауруханада ауыр халде жатқан жеріме арнайы Қарулы күш келді. Беттерінде бетперде, қаруланып алған. Келе салып, дөрекілікке басты. Өздерін таныстырмастан жатып, телефонымның қайда екенін сұрап, айқайға басты. Орнымда әрең қозғалып жатқанымды көре тұра тұруға мәжбүрледі. Денем мен басымнан бірнеше соққы жіберді. Киіндірместен жатып (ол кезде жалаңаш жатқанмын) палатадан шығарып, керегеге тұрғызып қойды. Одан кейін бүгілуімді бұйырды. Ал мен өзімнің бүгіле алмайтынымды, олай істеуге болмайтынын айтып шыр-пыр болдым. Айтқаныма мән берместен бүгілуге мәжбүрледі. Операция жасаған тігістерім ажырап кеткеніне қарамастан кәудемнен ұрып, күшпен сыртқа шығарды. Тіпті аяғыма ештеңе кигізбеді. Ауруханадан алып кеткен ауыр жаралылармен бірге суық асфальттің үстінде 20 минут тұрғызып қойды”, – деп баяндады әңгімесін Саят. 

Осыдан соң құқық қорғау органының қызметкерлері тергеу изоляторына апарып күш көрсетіп, өздері істемеген істі мойындатпақ болған. 

“14 қаңтар күні бізге камераға сарғыш жасыл түсті киім киген адамдар келді, арасында ІІМ формасын киген адам бар. Олар ”бүгін сот отырысы өтеді, прокуратурадан комиссия келеді. Сотта комиссия алдында “ұрды-соқты, азаптады” деген сөздер ауыздарыңнан шықпайтын болсын. Бір нәрсені естен шығармаңдар: “сот өтеді, комиссия кетеді. Мына жерде сендер мен біз ғана қаламыз” деді. Бұдан соң азаматтық формадағы адамдар келіп өздерін сот медициналық сарапшылармыз деп таныстырды. Әрқайсысымызды тыр-жалаңаш шешіндіріп қарады. Кейбіреулерімізді телефондарына түсіріп алды, кейбіреулерімізді жай ғана қағазға түсірді. Оның ішінде мен де бармын. Осыдан соң сот отырысы басталды. Сот біз отырған тергеу изоляторындағы бірінші қабатта болды”, – деп жазған Саят. 

Оның сөзінше, сот құрамы судья, хатшы, жас прокурор және адвокат Юсуповтан тұрған. Процесс 10 минутқа жуық уақытқа созылып, оған қатысты СИ-18 тергеу изоляторына 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалған.

“Айып тағылған актіде мен 6 қаңтар күні сағат 04:00 шамасында Алматы қаласы Назарбаев даңғылы мен Гоголь көшесінің қиылысына келіп, тәртіпсіздік жасап, бөтеннің мүлкін қиратып, бүлдіргенім туралы жазылған. Сондай-ақ өртеп, ұрлық жасады делінген. Негізінде белгіленген уақытта, белгіленген жерде мен Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың жансақтау бөлімінде жаттым. Менің ауруханадан шыққандағы құжатым дәлелдесе де, сот екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды”, – дейді ол. 

Саяттың айтуынша, тергеу изоляторында болған кезінде оған тиісті медициналық көмек көрсетілмеген. Жарақаттарына қойылған таңғыштарды күнара ғана жаңартып отырған. Жарақатымның ауырғанына, жағдайымның нашарлағаныма күзетшілер мен ақ халаттыларға шағымданғаныма қарамастан ешнәрсе істемейтін дейді ол. 

“17 қаңтар күні бізге №4 қалалық аурухадан дәрігерлер келіп, кімнің жарақаты ауыр екенін, кімдікі орташа, кімдікі өзі жазылып кететінін көзбен ғана қарап айтып бере салды. Одан соң тура камерада денеме енгізілген түтікшені суырып алды.Тіпті, анестезия немесе ауырсынуды басатын дәрі де салмады. Ешқандай санитарлық әрекеттерді сақтамады да. Денемдегі түтікшеден қалған тесіктердің де орнын жаппады. Кейін ол қанап, ашық-шашық күйінде қала берді. Ал оның үстін таңғышпен орап бере салды. Түтік негізінде отадан кейін 5 күннен соң шешілу керек болған. Алайда менікі тек 12 күннен кейін ғана алынды. 

Осылайша тергеу изоляторында ұрып-соғып, азапталудың арқасында сонымен қатар, жарамның дұрыс емделмегеніне байланысты операция жасатқан жерім іріңдеп, инфекция түскен. Қазіргі таңда мен көбінесе бір орында жатуға мәжбүрмін. Көп отырып қойсам, белім ауырады”, – деп еске алады Саят қорқынышты күндерін. 

Қазіргі таңда ол тәртіп сақшыларының қиян-кескі әрекеттерінен кейін өзін қорланғандай сезінетінін айтады.

“Қазір маған тек медициналық көмек емес, психологтардың да көмегі қажет. Басыма сойылмен және басқа заттармен қайта-қайта соққы жасағанның нәтижесінде көру қабілетім нашарлады. 2022 жылдың 8-25 қаңтары аралығында LA155/18 тергеу изоляторында болдым. Ол жерде болған кезімде операция жасалып, жарақатым болағанына қарамастан медициналық көмек көрсетілмеді. Тергеу изоляторында маған ыстықты басатын дәрінің (парацетамол) бірнеше таблеткасын ғана берді. Абақтыда маған ешқандай медициналық аппараттық тексерулер жүргізілмеді (рентген, УДЗ). Сондай-ақ мен антибиотиктермен, жараларды дезинфекциялаушы және ауруды басатын дәрілермен қамтамасыз етілмедім. Қызметкерлердің жоғарыда қолданған әрекеттерін азаптау деп есептеймін. Енді маған тек физикалық жағынан ғана емес рухани тұрғыда да қалыпқа келу керек”, – дейді азамат. 

Сөзінше, тар қапаста 12 адам отырған және бәрі азапталған. "Кейбірінің үстіне қайнаған ыстық су құйды" дейді Саят.

Алайда азамат кейін қоғам қолдауының арқасында тергеу изоляторларынан шыға алған. Бірақ оған қарсы қылмыстық іс әлі де тергеліп жатқан көрінеді.

“Ол жерде менің 6 қаңтардағы "тәртіпсіздіктерге" қатысқаным жайлы айтылған. 6 ақпанда мен Алматы қаласының прокуратурасына қала прокуроры Б.К. Жүйріктаевтың атына азаптау фактісі бойынша шағым түсіргенмін. Ол жерде бастан кешкен азабымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осыған байланысты мен прокуратурадан дереу шаралар қабылдауды сұраймын”, – дейді азамат. 

Сондай-ақ Саят Әділбекұлы тергеу изоляторына келген прокурордың шыққан соң азаптау оқиғалары туралы тіс жармай, аузын жабуын ескерткенін айтты. 

“25 қаңтарда мен тергеу изоляторынан шыққан кезде ол прокурорлар киетін көк формамен жүрді. Аты Азамат екенін есіме түсірдім. Ол басымнан өткен азаптауларды қорқынышты түс сияқты ұмытып кетуім керектігін айтты. Тергеу изоляторында ұрып, азаптайтындарын жасырғысы келгендей. Бүгін әлеуметтік желілерден бұл прокурор Азамат Құрманов екенін білдім”, – деп жазды ол. 

Осы оқиғаға байланысты Stan.kz Алматы қаласының Бас прокуратурасына сұрау салған болатын.  

Алматы қаласы Бас прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық істердің бірінде Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі бойынша құқық бұзушылықты жасауға қатысты деп С.Әділбекұлы күдікті ретінде танылған. Оған қатысты Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұлтартпау шарасы ретінде "күзетпен ұстауды" санкциялаған. 

“25 қаңтар күні прокурор қаулысымен күдікті С.Әділбекұлына қатысты "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы оның денсаулығына байланысты "ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат" бұлтартпау шарасына өзгертілді. С.Әділбекұлына қатысты қылмыстық іс бойынша мән-жайлардың толық объективті, жан-жақты зерттелуін және тұлғалардың кінәлілігін немесе кінәсінің жоқтығын анықтау мақсатында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, түпкілікті процестік шешім іс бойынша барлық тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін қабылданатын болады”, – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар 10 ақпанда Әділбеқұлына қатысты тергеудің заңсыз әдістерін қолдану ісі бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті ҚР ҚК-нің 146-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғаған. 

“Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Бұдан басқа ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды. Себебі ол тергеу мүдделеріне және тұлғалардың құқықтарына қайшы келуі мүмкін”, – дейді прокуратурадан. 

Талқылау