Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алатау қаласының ұстаздары "ауылдық үстемақыдан" қағылып қалмақ

Алматы облысында бұрын ауыл болып кейін қала санаты берілген Алатауда мұғалімдер үстемақыдан қағылып қалуы мүмкін. Ұстаздардың сөзінше, енді олардың жалақыларына 25% үстемақы қосылмайды. Мұндай жаңалықты естіген кей жас мамандар жұмыс орнын ауыстырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан скриншот жасалған

№35 орта мектептің мұғалімі Дариға Айманбетова бұл өзгерістен кейін айлық аз алатынын айтты.

"Кеше 25% алып тастайды деп естіп жатырмыз. Үстемақы ауылдық мектептер үшін төленетін. Бізге кәдімгідей ақша. Бізде, мысалы, жас мамандар бар. Жас мамандардан кәдімгідей ұсталады. Мысалы, олар 16 сағатпен 140 мың теңге алады делік. Одан 25% алып тастайса, 100 мың теңге ғана қалады. Ал оның отбасы бар, бала-шағасы бар, ары-бері жолы, тамағы бар", – деді мұғалім.

Педагогтердің сөзінше, үстемақының тоқтауы мектеп қызметкерлерінің көбін тығырыққа тіреген. Оқушы санының аздығына қарай сағат көп бөлінбегендіктен мұғалімдердің дені онсыз да шайлыққа жетпейтін айлық алады екен. Енді ол жалақы да азайса мектепте білікті жас мамандар қалмайды деген алаңдау бар. 

Мектептің тағы бір қызметкері Назгүл Мырзабаева жас елдімекендерге осы үстемақы төленгеннен кейін келіп жатқанын айтады.

"Жас мамандар осындай ауылдық жерлерге сол 25 пайыз төленгендіктен келіп жатыр. Ал енді оны алып тастаса жас мамандар да ауылға келмейді деп ойлаймын. Өйткені ауылға мүлдем келмейді", – деді Назгүл Мырзабаева.

Ал білім бөлімінің басшысының сөзіне сенсек, бұл мәселе бойынша министрлікке хат жолданылған екен. Үстемақыны 2050 жылға дейін қалдыруды сұрадық деп отыр. Алатау білім бөлімі басшысының міндетін атқраушы Гүлжан Ерубаева үстемақы сыйақы түрінде қосылатынын айтты.



"Енді осы айда, қыркүйекте, бізге "25 пайызды қосыңдар" деген жарлық келмеді. Сондықтан премия түрінде бізге 25% қосылады. Ары қарай біз Оқу-ағарту министрлігінің және Қаржы министрлігінің шешімін күтеміз", – деді бөлім басшысы.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 2029 жылы 573 мың теңгеден асатынын жазған едік. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың бірінші тоқсанында орташа айлық жалақы 382,2 мың теңге болды. Ол Қазақстандағы барлық жұмысшының жалақысының орташа арифметикалық мәні ретінде есептеледі.

Талқылау