Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде жасөспірімдер итті аяусыз пышақтап, әрекеттерін видеоға түсірген (видео)

Ақтөбедегі ауылдардың бірінде оқушы мойнына жіп байланған итті сүйреп, қатыгездікпен пышақтап тастады. Жасөспірім қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Иттің ішек-қарны түскенше пышақтап, теуіп тастаған әрекет Ақтөбе облысының Темір ауданы Кеңқияқ ауылында болды. Әлеуметтік желіде тараған видеодан оқушының қансырап жатқан итті бірнеше жерден тілгілеп, соққы жасағанын көруге болады. Видеодан бірнеше адам көрінеді. Олар жануарды қорлап, мойнына байланған жіпті босатпастан бірнеше рет пышақ сұғады. Видеоның сыртындағы дауыс “теп, пышақ тық” деп айқайлап жатыр.

Қазір итке пышақ сұққан ауыл мектебінің 9-сынып оқушысы екені анықталды. Мектеп басшылығының айтуынша, бұзақылық әрекет 25 мамырдан кейін жазғы каникулда болған.

“14 жастағы 9-сынып оқушысы толық отбасынан. Ата-анасы аз қамтылған көпбалалы отбасы. Оқушы тәртібіне қатысты мектепішілік есепте тұр. Психолог, әлеуметтік педогогпен үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады. Осы видеоны көргеннен кейін полицияға, білім бөліміне хабарлама жаздым. Полиция айналысып жатыр“, – деді Кеңқияқ ауылының мектеп директоры Айнаш Бришева.

Мектеп директоры видеодағы оқушының қасындағы балалардың мектеп бітіріп кеткендер екенін айтты.

Кеңқияқ ауылында 6,5 мың халық бар. Ауылдағы жалғыз мектепте 1430 бала оқиды. Бірінші тоқсан қорытындысы бойынша, мектепішілік есепке үш оқушы алынған.

Ал итті пышақтаған оқушының әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

“Әлеуметтік желіге талдау жүргізу барысында жас баланың итті қорлап, пышақ сұққан бейнежазбасы анықталды. Тексеру барысында оқиға биыл мамыр айында Темір ауданының аумағында болғаны және жануарға қатігездік танытқан 9-сынып оқушысы екені анықталды. Оқушы өзінің ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Қазір полиция тексеру жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар оқиға аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия отырысында баланың ата-анасының қатысуымен қаралады. Жасөспірім полицияның есебіне қойылады. Сонымен қатар қылмыстық іс қозғау мәселесі шешіліп жатыр”, – деп хабарлайды Ақтөбе облысы ПД-нің баспасөз қызметі.

Талқылау