Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерінен ақша жинаған басшы жазасын бостандықта өтемек

Ақтөбеде прокуратура тексереді деп білім беру ұйымдарының басшыларынан ақша жинаған шенеунікке 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Шалқар аудандық білім бөлімі парақшасынан

Деректерге сүйенсек, Ақтөбе облысы Шалқар аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Қази Жұмаханов мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерінен 18,5 миллион теңге ақша жинаған. 

Осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Ақтөбе облысы Шалқар аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысының ұсталу сәтін жариялаған еді.

Іс материалдарына сүйенсек, 2024 жылдың 24 қаңтарында Шалқар ауданы прокуратурасымен Шалқар аудандық білім бөлімі мекесінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың профилактикасы, бюджет қаражаттарын мақсатты жұмсау секілді заңнама талаптарының  сақталуы тақырыбында өкілетті орган мамандарының қатысуымен кешенді тексеріс жүргізу туралы қаулы шықты. Тексеріс басталған кезде білім бөлімінің басшысы қарамағындағыларға ақша жинау туралы заңсыз нұсқау берген.

“Ж. 2024 жылдың наурыз айы соңында тергеумен анықталмаған күні қылмыстық ойын жүзеге асыру үшін өзінің кабинетіне “Қарлығаш” балабақшасының меңгерушісін шақырып алған. Ж. қызметтік кабинетте Б-ға ауданның мектепке дейінгі ұйымдарынан әрбіреуінен 350 мың теңге жинау туралы заңсың нұсқау берген. Оны прокуратура тарапынан білім беру бөлімінде жүргізілетін тексеріспен деп түсіндіреді. Өз кезенінде Б. тексеріс нәтижесі балабақшаға теріс әсері болуын түсіне отырып, өз қызмет бабы туралы ойлап, сенімді теріс пайдалану арқылы ірі мүліктік залал келтіру ойымен ведомстволық балабақшалар меңгерушілерінен 350 мың теңгеден жинауға келісімін берген. Ж. өзінің қылмыстық пиғылын іске асыру үшін аудан мектептерінің директорларынан, білім беру мекемелерінің басшыларынан ақша жинауға білім беру бөлімінің бас есепшісі мен 6-мектеп директоры Ә-ті тартқан. 28 наурыз 2024 жылы сағат 17:15 -де Ж. ұялы телефон арқылы Ә-пен байланысқан. Жүргізілетін тексеріс мәселесі бойынша 1 сәуір 2024 жылы  мектептер директорлары және қосымша білім беру мекемедерінің басшыларын жинауға нұсқау берген”,- деді прокурор.



Оған тағылған айып қылмыстық кодекстің  361 бабының 1 бөлігімен, “лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану” бойынша, қысқартылған тәртіпте процестік келісім түрінде қаралды.

Процестік келісім тәртібінде қаралған сотта лауазымды қызметкер кінәсі мойындап, жеңіл жазамен құтылды.

“ҚР ҚК 361 бабы 1 бөлігімен процестік келісімге келген істі қарап, сот кінәлі деп танып, оның мүлкін тәркілемей, мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін өзі басқару органдарында өмір бойына тыйым сала отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тайындалды. Осы көрсетілген мерзімге пробациялық  бақылау белгіленді. Тұрақты жерін ауыстырмау, мерекелік, спортттық шаралар орындалатын жерлерге бармау міндеттелді. Сот міндеттемелеріне бағынбаған жағдайда бас бостандығынан шектеу жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады”, – деді судья.

Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында Шалқар аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Қази Жұмаханов қамауға алынғанын жаздық. Ол жергілікті мектептер мен балабақшалардан 20 миллион теңгеге дейін ақша жинағаны туралы ақпарат тарады. 39 жастағы Жұмаханов 2023 жылдың қаңтар айында Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған. Ол білім бөлімінен өз еркімен 2024 жылдың сәуір айында кеткен. Бұған дейін Ырғыз ауданындағы білім бөлімінің экс-басшысы Айбек Алданов пара алғаны үшін сотталған еді.

Талқылау