Қос күдікті қамауда: Ақтөбеде мектеп-интернаттағы оқушының қазасына байланысты үш қылмыстық іс қозғалды
Ақтөбеде 14 жасар оқушының қайтыс болу фактісі бойынша үш қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ақтөбе облысының полиция департаменті осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: yandex.kz
Істердің бірі "бұзақылық" бабы бойынша, екіншісі “өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” фактісі бойынша қозғалды. Үшінші іс міндетін дұрыс атқармағаны үшін оқу орнының басшылығына қатысты.
Екі күдікті – марқұм оқыған мектептің тәрбиеленушілері қазір қамауда. Тергеу аясында сараптама тағайындалды.
Айта кетейік, 11 сәуірде олимпиадалық резервтегі мектеп-интернатында Бексұлтан есімді оқушының есінен танып, кейін көз жұмғаны туралы ақпарат тараған. Алайда жақындарының сөзінше, марқұм жоғары сынып оқушыларынан әлімжеттік көрген. Аталған дерекке қатысты полиция күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.
13 сәуірде Instagram-да көз жұмған баланың әпкесінің үндеуі пайда болды. Қыз Бексұлтанды орта мектеп оқушылары өлтірді деп жазды. Егіз Бексұлтан мен Ерсұлтан Есет батыр атындағы олимпиадалық резерв мектебінің 8-сыныбында оқып, сол жерде тұрған екен. Жақындарының сөзінше, марқұм құлап, есінен танды деген ақпарат жалған.
"11 сәуірде кешкі сағат 20:30 және 21:00 шамасында бөлмені жинамағаны үшін бауырларыма әлімжеттік көрсеткен. Төбелес кезінде Бексұлтанды алдымен 9-сынып оқушылары ұрып-соғып, әрқайсысы 5 реттен ұрған. Содан кейін 10-сынып оқушысы бетінен 2 рет ұрып, кеудесінен бірнеше рет тепкен. Қатты соққыдан ол еденге құлап, есінен танып қалды. Бексұлтан ұрып-соғудан қайтыс болды, ал Ерсұлтан өмір бойы психологиялық жарақат алды, себебі оның көзінше бауырын өлтірді", – деп жазды автор.