Ақтөбеде спорт мектебінің оқушысы есінен танып құлап, мерт болды
Ақтөбе облысындағы Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде білім алатын оқушы көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: news.ivest.kz
Қайғылы оқиға 11 сәуір күні кешкі сағат 22:00-де болған. Дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, сегізінші сынып оқушысы Бексұлтан құлап, есінен танып қалған. Кейін ол ауруханаға жетпей жедел жәрдемде қайтыс болды. Қазір оның өлімінің себебі анықталып жатыр.
Полиция департаменті денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын атап өтті.
"Сонымен қатар спорт мектебінің қызметкерлеріне қатысты міндеттерге салғырт қарау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Барлық қажет сараптама тағайындалды", – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, Шымкентте оқушы қыз сабақ кезінде өзіне қол жұмсағаны туралы жазған едік. Қайғылы оқиға 6 ақпанда “Низамхан” атындағы жекеменшік мектепте болды. Директордың айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері келген. Мәліметтерге сүйенсек, 6 ақпанға қараған түні оқушы қыз бір уыс таблетка ішіп, жансақтау бөліміне түскен. Алайда ол түскі ас кезінде көз жұмған.