Ақтөбеде енді қаңғыбас иттер 15 күнге уақытша ұстау изоляторына қамалатын болды
Ақтөбеде енді қаңғыбас иттер уақытша ұстау изоляторына қамалатын болады. "Жануарларға жауапкершілікпен қарау" туралы жаңа заңға сәйкес бұдан былай мұндай ит-мысықтар 15 күн ұсталатын болыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп хабарлайды.
сюжеттен скриншот, қаңғыбас иттер
Шенеуніктер уақытша қамаудан босатылған төбеттердің адамдарды таламайтынына кепілдік бермесе де оларды алдымен зорлықшыларға қолданылатын тәсіл, яғни ит-мысықтарды кастрациялағаннан кейін ғана көшеге жібермек. Бұдан бөлек облыстық ветеринария басқармасы иесіз ит-мысықтарды аулап, піштіру үшін жергілікті бюджеттен 119 миллион теңге бөлуді сұраған. Алайда тұрғындар ауланған қаңғыбас иттерді көшеге қайта жіберуге қарсылық білдіріп отыр.
4 наурыздан бастап күшіне енген "Жануарларға жауапкершілікпен қарау" туралы жаңа заң бойынша, көшедегі иесіз иттер уақытша 15 күнге қамалып, сол жерден піштіріліп, екпе алып қайта еріктеріне жіберіледі. Алайда ақтөбеліктер адамдарға, оның ішінде балаларға жиі атылатын бұралқы иттерді ауланғаннан кейін бостандыққа қайта жіберуге болмайды дейді.
Осы ретте мамандар қаңғыбас иттер енді себепсіз атылмайтынын айтады. Тек уақытша ұстау изоляторына әкелінген иттердің арасында агрессия көрсеткені болса, не ауру табылса ғана жансыздандырылады дейді. Әзірге Ақтөбеде иттерге арналған уақытша ұстау орны жоқ.
- Алматы облысында әлдекімдер иттердің өлексесін қапқа салып, суға ағызып жіберген (видео)
- Қаңғыбас иттер жаңа туған сәбиді ауруханадан алып кетіп, талап өлтірген
“Ішінде ауру, емдеуге жатпайтын иттер болатын болса, не болмаса агрессивныйлары болады ішінде қабаған, не болмаса 5-6 ит болып үйір болып жүреді солардың бәрі жансыздандыруға жатады. Ал қалғандарына стерилизация жасап, қайта көшеге жібереміз. Иттің аты ит енді. Мен ол кастрациядан кейін адамға шаппайды деп айта алмаймын”, – дейді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Иса Базаров.
Шенеуніктер иттерге қызмет ұсынатын орны, маманы, арнайы көлігі бар мекемелерге бюджеттен берілетін 119 миллион теңгені бөліп, байқау жарияламақ.
Еске салсақ, Ақтөбеде аулада ойнап жүрген екі баланы ит талап тастаған еді. Балаларды төбеттерден құтқару үшін әлекке түскен көршілері соңында питбульді атқан.
Ал осыдан екі ай бұрын небәрі 12 жастағы Мадиярды қаңғыған иттер талап өлтірген еді. Сараптама жүргізген полиция департаменті жақында ғана марқұмның ит аузынан өлгенін растап, қозғалған қылмыстық істі тоқтқан болатын.