Ақтөбеде екі ер адам жігітті әскерге күштеп алып кетпек болған (видео)
Желіде Ақтөбедегі дүкендердің бірінде жігітті әскери бөлімшеге күштеп алып кеткен сәт түсірілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Кадрлардан бірнеше ер адамның жігітті қолынан сүйреп, есікке қарай тартып әкетіп бара жатқанын көруге болады. Жігіттің достары оған көмектесуге тырысты.
"Бүгін екі ер адам бір жігітті әскерге алып кетпек болды. Бұл заңды ма? Жігітті күштеп алып кетуге әйелдер қарсы шығып, алып қалған", – делінген жазбада.
Желі қолданушыларының бұл жағдайға қатысты пікірі екіге бөлінді. Біреулер үлкендердің әрекетін заңсыз деп санаса, енді бірі әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеу парыз екенін жеткізді.
Оқиғаға байланысты Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті мәлімдеме жасады.
“Азаматтар кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде шақыру шараларынан жалтарғаны үшін мерзімді әскери қызметшілердің жауапкершілігі мәселелері өзекті болып қала береді. Көктемгі әскерге шақырудың бұзылуына жол бермеу мақсатында облыстық қорғаныс департаменті хабардар ету және шақыру учаскелеріне келуден жалтарған тұлғаларды анықтау шараларын жүргізіп жатыр”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының хабарлауынша, әскери қызметке даярлықтан жалтарғаны үшін азаматтарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 650-бабы (Әскери қызметке даярлықтан жалтару) бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген.
“Әскери есепке қою жөніндегі міндетті орындамаған және әскери қызметтен жалтарған жағдайда мұндай құқық бұзушылықтар ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес, "әскери қызметтен жалтару" бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады:
Әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтарған үшін 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза қолданылады, сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылады”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, биыл көктемде 20 мыңнан астам қазақстандық әскерге шақырылады. Нақтырақ айтсақ, Қарулы күштерге 9 мың, Ұлттық ұланға 6 мың, шекара қызметіне 3 мыңға жуық, ал төтенше жағдайлар министрлігі мен мемлекеттік күзет қызметіне 300 адам қабылданады. Борышын өтейтін азаматтарға арнайы кредиттік демалыс қарастырылған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше сарбаздар арасында 14 мыңнан астамында несие бар. Олардың жалпы қарызы – 6 миллиард теңге.
Бұдан бөлек, әскерге шақырылғандардың тізімінде запастағы офицерлер де бар. Олар жетіспейтен мамандар қатарын толықтырады.
Еске салайық, наурыз айының басында қарулы күштер бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру басқармасы бастығының орынбасары Азамат Досымов азаматтар әскерге шақыртудан жалтарса, жергілікті әскери басқару органдары оларға қажеттілік туралы хабарламаса, ақпарат аумақтағы тиісті ішкі істер органдарына жіберілетінін хабарлаған еді.