Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбелік әйелді желіде танысқан жігіт 700 мың теңгеге алдап кеткен

Ақтөбеде әлеуметтік желіде ер адаммен танысқан 48 жастағы әйел 700 мың теңгесінен айырылып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: freepik.com

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өзін АҚШ азаматымын деп таныстырған ер адам келіншекке сый ретінде қымбат сағат, брендтік сөмке мен 10 мың доллар жібергенін айтқан. Бірақ сыйды алу үшін әйелге кедендік алым төлеу керектігін ескертіпті. Сөйтіп Ақтөбе тұрғыны 700 мың теңгені кедендік алым ретінде аударып жіберген. Қазір ақша да, сый да жоқ.

“Ақшаны беріп қойған жағдайда, бірден полицияға хабарласу керек. Бұл жағдайда қылмыскер басқа мемлекетте болуы мүмкін. Қылмыскер шетелде болған жағдайда істің тергелуі де уақыт жағынан созылады. Қылмыскер анықталған жағдайда дәлелдемелермен сот арқылы ақша қайтарылады”, – деді киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбай. 

Сондай-ақ полицияның айтуынша, интернет алаяқтықтың ең көп тараған түрлеріне онлайн сауда, жалған инвестициялар жатады. Көбіне мұндай алаяқтардың құрығына 20 мен 50 жас аралығындағы азаматтар түседі екен. 

Талқылау