Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жел шығарғаны үшін орындықпен ұрған": Ақтөбеге әскерге кеткен 18 жастағы сарбаздың әкесі ұлының үш айда есінен алжасқанын айтты

Ақтөбе қаласында әскери борышын өтеп жүрген сарбаз үш айдың ішінде адам танымастай өзгеріп, аяқасты талмасы ұстап, денесі құрысып қала беретін болған. Сарбаздың туыстарының айтуынша, Алдияр Кеңесбек ант қабылдаудан бұрын таяқ жеп үлгерген. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алдияр Кеңесбекті маусым айының 7-сі күні оқып жүрген жерінен ешкімге ескертпестен әскерге алып кеткен. Таңертең Тараздағы колледжге емтиханға кеткен бала кешке тобымен әскерге аттаныпты. Ол Жамбыл облысы, Рысқұлов ауданынан Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөліміне түскен.

Сарбаздың туыстарының айтуынша, Алдиярдың қалай ант қабылдағаны белгісіз.

"Ешкімге ескертпей колледжде жүрген жерінен Алдиярды тобымен ешқандай медициналық тексеруден өткізбестен алып кетті. Ант қабылдамай тұрып, отбой уақытында жел шығарғаны үшін сержант басынан орындықпен ұрған. Ертеңіне Алдияр сапқа тұрғанда есінен танып құлаған. Сол кезден бастап талмасы басталыпты", - делінген жауынгердің туыстары жазған жазбада.

Талып ауырған жауынгерді екі айдан кейін ғана ауруханаға апарған. Әкесі Кеңесбек Әбдірайымовқа баласының жағдайы туралы ауруханадан белгісіз біреу хабарласып айтқан. Мұны естіген әкесі Ақтөбеге барып, ұлын емдетуге қатысты демалыс алады. Ұлының жағдайын өз көзімен көрген  әкесі қатты шошып қалған. Енді ұлының демалыс уақыты 7 қазанда бітеді.

"Осы мен әскерилерге таңым бар, бір бөлімшеде бір нәрсені бүлдіреді де іс қозғалса не ауысып кетеді не жұмыстан шығып кетеді. Алдындағы марқұм Әлібек Қалбайды қорлады деген офицерлер де өзге бөлімге ауысып кеткен", - деп жазды Гүлмира Әбіқай.

Оқиға туралы ҚР Ұлттық ұлан баспасөз қызметі пікір білдірді. 

“20 қыркүйекте "Instagram" әлеуметтік желісі парақшасында 6655 әскери бөлімінің мерзімді қызмет әскери қызметшісі қатардағы А.К. Кеңесбектің әкесі жолдаған бейне үндеу жарияланды. Оның сөзінше 2022 жылғы 20 маусымда сержант "Д" ұлының басынан орындықпен ұрғаны туралы айтылған. Қатардағы А.К. Кеңесбек 10 маусымда Жамбыл облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен әскер қатарына шақыртылған.
Ол қызмет атқару барысында әскери бөлімнің медициналық пунктіне басының желке тұсы ауыратынын айтып шағымданған. Осыдан кейін Ақтөбе медициналық орталығына қаралған, тексеру нәтижелері бойынша "Факальды порциалды симптоматикалық эпилепсия және эпилептикалық синдром" диагнозы қойылды”, – делінген хабарламада. 

Осыдан кейін қыркүйек айының 4 мен 8 аралығында әскери-дәрігерлік комиссияның шешімімен сарбаз науқастануы бойынша (ұзақтығы 30 тәулік) демалысқа  жолданған. Алайда әскерге шақырылмас бұрын жүргізілетін әскери-дәрігерлік комиссиясының тексеруінен өту кезінде ауруы болғаны байқалмапты. 

“Жоғарыда көрсетілген факті бойынша қызметтік тексеру тағайындалды, сондай-ақ Ақтөбе гарнизонының әскери-құқық қорғау органдарымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды”, – дейді Ұлттық Ұланның баспасөз қызметі. 
 

Талқылау