Ақтөбеде 15 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскен жасөспірімге үкім шықты
Ақтөбеде 17 жастағы жасөспірім 15 жастағы қызбен жыныстық қарым-қатынасқа түскен үшін сотталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Мой город" басылымына сілтеме беріп.
17 жастағы жігіт пен 15 жастағы қыз бір-біріне ғашып болып, қарым-қатынас құрған. Екі жақты келісіммен жыныстық қатынасқа түскен. Үлкендерден ешкім оларға жастай жыныстық қатынасқа түсудің салдары жайлы айтпаған. Әсіресе, жағдайдың құқықтық жағын ешкім ойламаған да. Мектепте бұл жайлы түсіндірмейді, ал ата-ана үшін мұндай тақырып - ұят. Жазда ғашықтар үйлерінен апасының үйіне қашып кеткен. Қайтып алып келсе де, олар қайта қашып кеткен. Кейін қыздың анасы сараптама өткізбекші болған. Сол уақытта жігітті 16-ға толмаған жеткіншекпен жыныстық қатынасқа түсті деп тұтқындаған. Қыздың анасы сараптама жүргізбек болғанына өкінген. Ғашықтардың ата-анасы екі жастың үйленуіне қарсы емес, алайда заңның талаптары басқа.
Колледж студенті қыркүйектен бері тергеуде болған. 24 қарашада оған қатысты үкім шықты.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ҚК-нің 122-бабының 3-бөлігінің 1) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған кәмелетке толмаған адамға қатысты "он алты жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынас жасау" ісі қаралды. Сот сотталушының 2005 жылы туған жәбірленушімен, яғни 16 жасқа толмаған адаммен бірнеше рет жыныстық қатынас жасағанын анықтады. Сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі сотталушының өзінің және жәбірленушінің айғақтарымен, сондай-ақ жәбірленушінің заңды өкілінің, куәлардың, сарапшылардың және сот сараптамаларының қорытындыларымен толық дәлелденді.
Прокурор күдіктіге 5 жыл көлемінде бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сот жас жігіттің бұған дейін сотталмағанын, оқу орны мен тұрғылықты жерінен жағымды пікірге ие екенін, жәбірленушімен татуласқанын, жәбірленуші мен оның заңды өкілі оған қарсы ешқандай шағымы жоқ екенін ескерді. Осы орайда, сот жасөспірімді 3 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 18 қыркүйекте Ақтөбе тергеу соты жасөспірімді екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған болатын.