Ақтөбелік блогер концертке тегін билет таратып, халық арасында дүрбелең тудырды (видео)
Әлеуметтік желіде жергілікті блогер Гүлнұр Жұмағалиеваның отандық жұлдыздардың қатысуымен шара ұйымдастырып, оның 200 билетін тегін таратқан видеосы жарияланды. Тегін билетке таласқан жұрт бірін-бірі таптап кетті. Болған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісінің сұрауына облыстық полиция департаменті пікір білдірді.
Фото: Видеодан скрин
Өңірлік полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұловтың айтуынша, полицияға жиынға қатысушылардан ешқандай арыз-шағым түспеген.
“Блогерге түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Жергілікті атқарушы орган оған әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488- бабының бірінші бөлігіне сәйкес (Спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру тәртібін бұзу) әкімшілік жауапкершілікке тартып, 20 АЕК көлемінде (73 840 теңге) айыппұл салу керек. Бірақ бізге ешкім арызданған жоқ”, – дейді Ерболат Сарқұлов.
Еске салайық, Гүлнұр Жұмағалиева есімді ақтөбелік блогер 27 шілде күні өз атымен фест ұйымдастырғалы жатыр. Шарада Qarakesek, Kalifarniya сынды отандық жұлдыздар өнер көрсетпек. Қала халқын концерттен көргісі келген блогер бастапқыда 100 билетті тегін тарататынын айтқан. Алайда жиналған жұрттың көп екенін байқап 200 билет тартты. Халық билетке жапа тармағай таласып, бір-бірін таптап кетті. Оның ішінде 2 айлық баласын көтеріп келген аналар да бар.